Денсаулық сақтау министрлігінің дәрігерлер тобы зардап шеккен кеншілерге медициналық көмек көрсету үшін Қарағандыға жіберілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.Денсаулық сақтау министрлігі зардап шеккендерге консультациялық көмек көрсету үшін құрамында токсиколог, травматолог-ортопед және нейрохирург бар жоғары дәрежелі дәрігерлер тобын Қарағандыға жібереді. Зардап шеккен кеншілердің өмірі мен денсаулығын сақтау үшін саланың үздік мамандарын тарта отырып, барлық қажетті медициналық көмек көрсетіледі. Қазіргі уақытта 18 адам проф. Х. Ж. Мақажанов атындағы көпбейінді ауруханаға жеткізілді, оның 17-сі стационарлық емдеуге жатқызылды, 1 зардап шегуші амбулаториялық емделуде. Жеңіл және орташа ауырлықтағы улы газдармен уланудан зардап шеккен 15 адам аурухананың токсикология бөлімшесінде емделуде. Бір адам политравмамен реанимация және қарқынды терапия бөлімшесінде, жағдайы ауыр, тұрақты, есінде. Жағдайы орташа ауырлықтағы тағы бір зардап шегуші травматология бөлімшесінде медициналық көмек алады.