Жақында ұлын үйлендіріп, келін алған Абай Бегей тойдағы дәстүрлері үшін дауға қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Жұлдызды weekend” жобасына сілтеме жасап хабарлайды.Алғашқы жарынан қалған Жалғас есімді ұлын үйлендіріп, Шымкенттен келін алған болатын. “Фариза екеумізді көрпеге аунатқан видеомыз әлеуметтік желіге таралып кетті. Қаншама пікір жазылып жатыр. Ақтаулық достарым “бізде мұндай салт жоқ, қайдан шығарып жүрсің” деп ренжіді. Өз басым осындай дәстүр барын білетінмін, батыс өңірінде жоқ болғасын мән беріп, зерттемеген едім. Оңтүстік өңірде бар екен. Қазақтың ежелгі дәстүрінде де болған. Кейін уақыт өте келе қолданыстан шығып қалған”, – деп түсіндірді. Әншінің айтуынша, оңтүстіктің салтынан аттап кете алмаған. “Маған ешкім ондай салт-дәстүрдің барын және ол сол жерде жасалу керегін ескерткен жоқ. Видеода да ыңғайсызданып қалғаным көрініп тұр. Бірақ келінімнің 85-ке келген әжесі отыр, жасы мен жолы үлкен құдағайларым отырғасын солардың алдында шалқаймайын дедім. Бірақ ешқандай ұят болатындай әрекет жасамадым. Ерсі қылық, артық қимыл болған емес. Тек қазақтың ескі-салт дәстүрі деп қабылдаңыздар дегім келеді. Артық кеткен болсам, кешірім сұраймын”, – деп ақталды әнші.