Су басқан аймақтарды аралап жүрген депутаттар Ақтөбе облысында жағдайдың қиын екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай Ақтөбе облысына қарасты Қобда ауданында жергіліктің халықтың қалай қиналып жатқанын айтып, әлеуметтік желіге видео жариялады. Бұл жерді былтыр да су алған. Былтыр да осы жерге келіп, үйсіз қалған тұрғындарға мемлекеттің көмегімен бірнеше үй алып бергенбіз. Биыл сол үйлердің шатыры ғана көрініп тұр. Барлығы судың астында қалды, - дейді депутат. Оның айтуынша, ауыл сайда орналасқан. Ауылды айналдыра дамба салу туралы жұмыстар басталғанымен оны прокуратура тоқтатып тастаған. Себебі, құжаттары толық дайын емес. Күндіз-түні Ақтөбе облысындағы үйі суға кеткен ағайынның қасында жүрміз. Шынын айтқанда бірдеңе деп пост жазуға мұрша жоқ. Жағдай қиын. Құр жүрген жоқпыз. Еріктілерге рақмет! AMANAT партиясы тарапынан қолдан келгенше көмек көрсетіп жатырмыз. Қазір бастысы адам шығыны болмасыншы деп тілейікші. Берсиев сияқты ауылдарды толық қызыл су шайып кетті. Қорқынышты. Тұрғындар мектептің екінші қабатында отыр. Тікұшақ қонатын жер жоқ, - деп жазды Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай. Айта кетейік, Ақтөбеде еріген қар суының шамадан тыс жиналуы салдарынан Су қоймасы 100%-ға толған. Бүгінде Елек және Қарғалы өзендерінің бойында орналасқан Ақтөбе қаласының саяжайлары да су астында қалды. Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Скляр да өңірге арнайы барып, су қоймасының жағдайына тұрақты түрде мониторинг жүргізуді, ал су жіберу бойынша барлық жұмысты жергілікті атқарушы органдармен келісуді тапсырды. Бүгінде облыстың үш ауданында (Қобда, Мұғалжар, Темір) және Ақтөбе қаласында жергілікті деңгейдегі табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. 6 ауданда электр қуаты апатты түрде ажыратылып, 200-ге жуық үй су астында қалды, 2 870 адам эвакуацияланды.