Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Мақсат Толықбаев теміржол саласындағы проблеманы көтеріп, «Қазақстан темір жолы» компаниясының басшылығын сынға алды.«Теміржолда қашан тәртіп орнайды? Бұрынғы басшылар 30 жылда теміржолды тек табыс көзіне ғана айналдырған. Ескі Қазақстанның өкілдері осы саланың сөлін сорып, бізге тек қаңқасын ғана қалдырды. Бұл салада сапа мүлдем төмен. Ескі вагондар сүйретіліп әлі жүр, теміржол паркінің 60 пайызы тозған. Терезесі ашылмайтын, кондиционері қосылмайтын, қабырғасында тарақандар өрмелеп жүретін ескі вагондардың өзіне жаз кезінде билет таппайсың. Сөйте тұра, билетті субсидиялауға жыл сайын миллиардтарды санап береміз. Пойыздың жиі кешігуі бөлек мәселе», - деді М. Толықбай. Өз кезегінде Көлік министрі Марат Қарабаев ел бойынша 2 567 вагон бар екенін айтты. «Олардың тозу деңгейі - 49 пайыз. Биыл 50 жаңа вагон алдық. Қол қойылған келісімшарт аясында келер жылы тағы 100 вагон болады. Қосымша 157 вагон алу келісімін пысықтап жатырмыз. Сонда, биыл және алдағы жылда 300-ден астам жаңа вагон қосылады», - деді М. Қарабаев. Министрдің айтуынша, қол қойылған тағы бір шарт бойынша 2025 жылдан бастап Еуропадағы ең заманауи Stadler компаниясының жалпы саны 537 вагонын алу жоспарланған. «Бұл тұрғыда 2 567 вагонның үстіне 804-тен астам жаңа вагон алуға қазір қол қойылып отыр. Қосымша вагон алу мәселесін әлі пысықтаймыз», - деді М. Қарабаев.