Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов Абай облысындағы өртке байланысты жүйелі шаралар қабылдау керегін айтты. Ол үшін депутат бірнеше ұсыныс жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz.Сабильянов болашақта төтенше жағдайлардың алдын алу үшін жүйелі шаралар қабылдау қажет деп санатынын айтты. Бірінші. Орман және дала өрттерін уақтылы анықтау және олардың алдын алу жөніндегі нақты жұмыс істейтін іс-қимыл алгоритмін әзірлеу қажет. Себебі осы жолы тиісті мемлекеттік органдар арасында үйлестірілген жұмыстың болмауына байланысты қауіпті-қатерді уақтылы болжау және алдын алу мүмкін болмады. Өрт ошағы туралы алғашқы деректер 8 маусым сағат 11:23-те ғарыш аппараттарынан алынып, 8 маусым сағат 13.20-да Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметтер базасына берілсе де, қауіп деңгейі лайықты бағаланбады.Екінші. Өртті жоғары дәлдікпен анықтайтын заманауи технологияларды қолдану аясын кеңейту:- орман алқаптары мониторингінің қолданыстағы ақпараттық жүйелерін дұрыс әрі барлық жерде пайдалануды қамтамасыз ету;- өрт ошақтарын анықтаудың қосымша жерүсті жүйелерін орнату;- жерді зондтайтын Қазақстан спутниктерін жоғары дәлдігі бар жылу датчиктерімен жарақтандыру;- табиғи апаттар жағдайында тиісті қызметтерді фото және бейне-түсіру мүмкіндіктері бар дрондармен жабдықтау қажет.Үшінші. Орман шаруашылықтары, резерваттарды басқару орталықтары орналасқан ауылдық елді мекендерде сапалы инфрақұрылым болуға тиіс. Оларды байланыс жүйесімен және жылдам интернетпен, сапалы жолдармен қамтамасыз ету керек.Төртінші. Орман саласының мамандарын даярлау және қолдау, орман шаруашылықтарының материалдық-техникалық базасын нығайту өте маңызды."Семей орманы" орман табиғи резерватының балансында 363 техника бар. Онда неліктен адамдар өртті сөндіруге жеке көліктерімен барған? Техниканың жай-күйі қандай? Тіпті қажетті техника бар ма? Сондықтан орман шаруашылықтарының материалдық-техникалық базасын жаңартып, арнайы өртке қарсы техникамен толық жабдықтау қажет. Сондай-ақ резерват жанында табиғи апаттармен күресуге арналған арнайы бөлімше болуға тиіс және оны барлық қажетті жабдықтармен, соның ішінде орман қорының жай-күйін бақылауға арналған дрондармен жарақтандыру керек. Орман шаруашылығы қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шараларын күшейтіп, олардың жалақысын үнемі арттырып отырған жөн. Сондай-ақ қызметкерлерді арнайы киіммен және жабдықтармен қамтамасыз ету қажет", - дейді депутат.Бесінші. Төтенше жағдайлар министрлігінің жеке құрамының санын көбейту, арнайы өртке қарсы техникамен және жүріп өту мүмкіндігі жоғары техникамен жарақтандыру, азаматтық қорғау қызметкерлерін әлеуметтік қамсыздандыру мәселелерін шешу (бұл тұрғын үй мәселесі және коммуналдық қызметтер үшін өтемақы), сондай-ақ "Қазавиақұтқару" АҚ авиапаркін жаңарту және ұлғайту керек.Алтыншы. Бұл мәселелер кезек күттірмейді, шұғыл шешімдерді қажет етеді."Сондықтан Үкіметке ведомствоаралық жұмыс тобын құрып, орман шаруашылығы саласындағы және өртке қарсы қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі мәселелерді толық қаржыландыру және заңнаманы, оның ішінде мемлекеттік сатып алу заңына өзгерістер енгізу мәселесін қайта қарау керек. Бұл жұмысқа депутаттар да қатысуы қажет", - дейді Сабильянов.