Блогерлер мен журналистерді әскерге шақыру керек. Себебі қазір Қарулы күштер туралы әртүрлі алып-қашпа сөз көп. Мәжіліс депутаты Константин Авершин осындай ұсыныс айтты. Сол арқылы «диван сарапшыларға» тұсау салмақ. Мәжілісте тағы қандай мәселелер көтерілді? Тілшіміз Бекболат Сатуов тарқатады.8-ші шақырылым депутаттарының бүгін- екінші жұмыс аптасы. Мәжілісмендер белсенді. Барлығының айтары бар. Олар бүгін депутаттық сауалдарын үкіметке қарша боратты. Бірі темір жол мәселесін көтерсе, енді бірі қарулы күштерге тоқталды. Депутат Константин Авершин әскерге қатысты алып-қашпа пікір айтып жүргендерді "диван батырға" теңеді. Оларды Отан алдындағы борышты өтеуге міндеттеу керек деді. Константин АВЕРШИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: Әскери қызмет туралы ақпарат тарататын тұлғалардың жауапкершілігі де артады. Сондай-ақ бұл шара қандай да бір жағдайға байланысты Отан алдындағы борышын өтемеген, қолында автомат ұстамаған адамдарға алғашқы әскери дайындықтан өтуге мүмкіндік береді. Ал, депутат Аманжол Әлтаев болса, жастар тәрбиесіне қатысты дабыл қақты. Оның сөзінше, әлеуметтік желіні шулатқан жасөспірімдер арасындағы қатыгездік пен азғындық әрекеттерге бей-жай қарауға болмайды. Ол білім ошағында әлеуметтік педагог пен сынып жетекші қызметін қайта қарауды ұсынды. Сондай-ақ ата-аналар балаларын Tik tok-тың жетегіне жібермей, тәрбиесіне мән беруі тиіс деді. Аманжол ӘЛТАЙ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: Ұрпағына дұрыс тәрбие бере алмаған халық - тамырына құрт түскен ағаш секілді. Тамыры бүлінген ағаш шіриді, ұрпағы бүлінген халық іриді. Қыз тәрбие көрмесе арсыздыққа, ұл тәрбие көрмесе бассыздыққа бой алдырады. Ел болашағы тәрбиелі жастар. Бұл мәселеге салғырт қарамауға міндеттіміз. Қазақстан Халық партиясының фракциясы атаулы әлеуметтік көмекті алып тастау қажет деп санайды. Өйткені оған көпбалалы аналар үміткер болу үшін жүздеген сынақтан өтеді. Бұл әйелдерді әуре-сарсанға салып, салын суға кетіретінін айтты. Гаухар ТАНАШЕВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: Бұл жағдайда балаларға төленетін жәрдемақының мөлшерін арттыру қажет. Әр балаға нақты көлемде, жұмсауға жеткілікті мөлшерде бірыңғай жәрдемақы төлеген дұрыс. Біз ең төменгі жалақы мөлшерінде әр балаға 70 мың теңге көлемінде мемлекеттік жәрдемақы тағайындауды қарастыруды ұсынамыз Депутаттардың сауалы мұнымен тоқтамады. Әлеуметтік салаға қатысты барлық проблеманы жіпке тізді.