Диана ханшайымның атақты қызыл ала жемпірі Sotheby's Icons of Style аукционында сатылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Euronews агенттігіне сілтеме жасап.Жемпірде бір қора ақ қойдың ішінде бір қара саулық бейнеленген. Ханшайым Диананың аңызға айналған бұл жемпірі оның король отбасында өзін жат сезінетінін меңзейтін еді. Енді осы жылы киім қыркүйек айындағы Sotheby's онлайн аукционында сатылымға шығады. Лоттың болжамды құны - 50-ден 80 мың долларға дейін. Диана алғаш рет 1981 жылы маусымда өзі сөз байласқан ханзада Чарльздің поло матчтарының бірінде осы дизайнерлік жемпірмен көпшілік алдына шыққан. Warm & Wonderful брендінің иелері түпнұсқаны аукционға өздері шығарып отыр. Жүннен жасалған бұйымнан тесік тауып алған Диана оны өндіруші компанияға тігуге қайтарып жіберген. Бірақ дизайнерлер оған жаңа үлгісін беріп, ескі жемпірді өздеріне алып қалыпты. Ал жаңа жемпір қазір Лондондағы Виктория мен Альберт мұражайында сақтаулы тұр.