Астанада Димаш Құдайбергеновтың сахналық киімі мен Генадий Головкиннің қолтаңбасы қойылған қолғап сатылды. Аукцион дәстүрлі қысқы бал барысында өтті. Қайырымдылық шарасында бас-аяғы 90 миллион теңгеден аса қаржы жиналған. Бұл іс-шараны жыл сайын «Болашақ» корпоративтік қоры өткізеді. Түскен ақшаның бәрі әлеуметтік жобаларға жіберіледі.Динара ГАПЛАН, «БОЛАШАҚ» ҚОРЫНЫҢ ҚАМҚОРШЫЛЫҚ КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ: Барлық қаржы қайырымдылыққа кетеді. Өткен жылы біз 10 балабақша мен мектепте инклюзияны қолдау кабинеттерін аштық, аутизм, Даун синдромы бар балаларға арналған футболдан инклюзивті секцияны іске қостық. Ерекше балалардың ата-аналарына психологиялық қолдау көрсету бойынша «OI SANA» жобасын іске қостық, тағы 500-ге жуық мектеп, колледж, балабақша директорларын, мамандар мен ата-аналарды оқыттық. "Болашақ" корпоративтік қоры қысқы қайырымдылық балды осымен 11-рет ұйымдастырды. Осы жылдар ішінде жиын арқылы 800 миллион теңге жиналған. Бұл қаражатқа қор 80-нен астам мамандандырылған оңалту мекемесін, 500-ден астам жұмыс орнын ашты. Тұрмысы төмен отбасасынан шыққан балаларға 107 жол жүру және 17 білім беру грантын бөлді. Бейбіт ӘЛІБЕКОВ, КӘСІПКЕР: Ең бастысы балаларға көмектескіміз келеді. Әрине, аукционға ұсынылған сыйлықтар керемет. Бірақ мұнда жиналған адамдардың бәрі бірінші сыйлықты ойламайды. Олар өзгеге көмектескісі келеді.