Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының логотипі мен ұраны таныстырылды. Күнбасты салт атты бейнеленген. Бұл белгі Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізуші елдердің барлығында қолданылып келеді. Логотиптің жалпы пішін сұлбасы көшпенділер қолдан жасаған тұрмыстық бұйымының сәндік элементтеріне ұқсайды. Қою қызыл түспен боялған. Дүбірлі дода келер жылы қыркүйекте өтеді. 100-ден астам елден 4 мыңға жуық спортшы қатысады деп жоспарланған. Ат спорты, садақ, жамбы ату, арқан тартыс секілді ұлттық ойындардың 20 түрінен бақ сынасады. Көшпенділер ойынын тамашалауға Астанаға 100 мыңнан астам турист келеді деп күтілуде. Ермек МАРЖЫҚПАЕВ, ҚР ТУРИЗМ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРІ: Елордаға келетін барлық спортшылар, туристер мен ресми тұлғаларға біз жайлы жағдайды қамтамасыз ететін боламыз. 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары нағыз спорт мерекесіне айналатынына сенімдіміз.