«Киіктің емес, адамның обалына қалатын сияқтымыз». Депутат Аян Зейнуллин киіктің саны артып бара жатқанына алаңдайды екен. Киелі санайтын киік шын мәнінде қауіпті ме? Саны 2 миллионнан асты деп дүрлікті. Тіпті киік популяциясын реттеуді талап етті. Ол ақбөкендердің күрт көбеюі шаруашылыққа кесірін тигізіп жатыр дейді. Шығынға ұшырап, несие қайтара алмаған банкрот болғандар барын айтты. Сондықтан ақбөкендердің мүйізін, етін, терісін кәдеге жаратқан дұрыс дейді. Қырылып жатқан киіктерден инфекция тарап, ауру ошағына айналу қаупі бар деп дабыл қақты.Аян ЗЕЙНУЛЛИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: Киіктен зардап шегіп отырған 6 облыстың шаруалары қауқарсыз болып отыр. Тапталған егістіктің өтеуі жоқ. Бұған менің еш қатысым жоқ деп, тек сырттан ғана қарап қалай отыра аламыз? Сонымен қатар түрлі себептермен өліп жатқан киіктер де көп кездесуде. Қазақстанның ең бірінші байлығы – халқы. Дәл қазір киікті қорғаймыз ба, әлде киіктен адамды қорғаймыз ба? Егер Үкімет киік қарғысынан қорқатын болса, шаруалардың шығынын толық өтеп беру механизмін енгізу керек.