Ақмола облысының Егіндікөл ауданында Бауманское және Қоржынкөл ауылдары екі айдан астам уақыттан бері орталықтандырылған ауыз сусыз отыр.2 маусым күні ресми түрде Нұра топтық су құбырынан ұзақ уақыт бойы ауыз судың болмауына байланысты ауданда техногенді сипаттағы төтенше жағдай жарияланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.Нұра топтық су құбыры- мұндағы жалғыз ауыз су көзі. Ал ол толықтай шіріп кеткендіктен ауылдарға мүлде су келмейді. Егіндікөл ауданының әкімі Ерлан Мұхамединнің айтуынша су құбыры өткен ғасырдың 80 жылдары тартылған. Осы уақыт ішінде құбыр мүлде тозып, жарамсыз күйге түскен. "Қазіргі уақытта металл құбырдың шіруі 80-90 пайызға жеткен. Осыған байланысты құбырларда су бізге дейін жетпей де қалады. Бүгінгі таңда бізде бірнеше ауылда мүлде су жоқ. Төтенше жағдай орталықтандырылған құбырда бір тәуліктен астам болмаса жарияланады. Ал біздің аудан орталығында сәуір мен мамырдың басынан, Бауманское мен Қоржынкөл ауылдарында сәуірден бері су жоқ. Яғни мұндағы ауыл тұрғындары екі айдан астам уақыттан бері сусыз отыр. Сондай-ақ Сабындыда бас су құрылымында ұңғымалар бітеліп қалғандықтан тиісті су көлемі жетпейді", - дейді аудан әкімі Ерлан Мұхамедин. Аудан әкімінің айтуынша бұл мәселе тек су құбырын толықтай ауыстырғанда ғана шешілмек. "2021 жылы толықтай су құбырын қайта жаңарту қажеттігі туралы мәселе көтердік. Егіндікөл, Қорғалжын, Атбасар ауданының аумағын басып өтетін су құбырының ұзындығы 337 шақырым. Өткен жылы жобалық-сметалық құжаттамаға 100 миллион теңге бөлінген. 2023 жылы жобаны аяқтауға 287 миллион теңге қаржы бөлінді. Жобаның жалпы құны 387 миллион теңге. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттама жасалып жатыр. Ол төрт кезеңнен тұрады. Оның ішінде біздің ауданға екеуі қатысты. Біріншісінде Сабындыдағы бастапқы су құрылымы екіншісі су магистралі салынбақ. Егер бірінші және екінші кезеңге жобалық-сметалық құжаттамасы жасалып су құбырын қайта құруға қаржы бөлінсе жасалса мәселе шешіледі деп ойлаймын", - дейді Ерлан Мұхамедин. Жобаның алғашқы кезеңі 31 мамырда мемлекеттік сараптамаға өткен. Екінші кезеңді 20 маусымға дейін кіргізу жоспарланған. Қайта құруға қаражат тек жобалық-сметалық құжаттама толықтай аяқталғаннан кейін ғана бөлінбек. "Жобалық-сметалық құжаттаманы жасағаннан кейін Үкіметтің резервтік қорынан қаржы сұраймыз. Жоба құны өте үлкен шамамен 16 миллиард теңгені құрайды. Ал бұл аудан және облыс үшін өте үлкен сома. Бізге төтенше жағдай арқылы шұғыл түрде резервтен қаржы бөлінсе биыл шамамен магистралдің 50-80 шақырымын ауыстыру мүмкін болады", - дейді Ерлан Мұхамедин. Қазіргі уақытта Астрахан ауданынан және Буревестник селосындағы шамамен 400 текше метр су қоры бар резервуардан су тасу ұйымдастырылуда. Қазірі уақытта төтенше жағдай жарияланған Бауманское және Қоржынкөл ауылдарында 600-ге жуық адам тұрады. Сондай-ақ аудан орталығында 3500 халық бар. "Ауданда жалпы саны 4500 адам судан таршылық көріп жатыр. Бізде мүлде орталықтандырылған су құбыры тартылмаған елдімекендер де бар. Онда су тұрақты түрде тасымалданады. Өйткені Егіндікөл аумағында су қоры жоқ. Ауданда 4 жыл бұрын өткізілген гидрологиялық зерттеулер жерасты суларының ішуге жарамсыз екенін көрсетті. Біз облыс әкімдігіне су тасу көлігін алуға өтінім бердік. Былтыр біреуін сатып алдық. Дегенмен мұндай жағдайда бізге тағы да қажет. Бізде қазір екі КАМАЗ және бір трактор бар. Шамамен 20 текше болып тұр. Көршілес Астрахан ауданынан да көмектеседі. Бірақ бұл су халықты сумен қамтуға жетпейді. Қазір тұрғындар бау-бақшасын мүлде суара алмай отыр. Ештеңе еге де алмайды. Жуыну, моншаға барудың өзі үлкен мәселе. Өйткені бірінші кезекте ауыз сумен қамту болып отыр", - деп толықтырды әкім. Ақпарат дереккөзі: https://massaget.kz/basty-zhaalytar-438/84767/