Егіз сәбиін сатпақ болған ананың есімі Қазақстанға жайылып, әрекеті әшкере болды. Ол бірақ мұндай қадамға балалардың амандығы үшін барғанын айтады. Өйткені егіз баланы емізетін көкіректе сүті жоқ, тамақ алып беретін ақшасы жоқ. Әйел бала тұрмақ, өзі жейтін нан таппай отырған көрінеді. Балалардың әкесі ізімғайым жоғалған, деп жазды КҮН.КЗ тілшісі.Бұл туралы Гүлмира Әбіқай әйелдің кінәсі жоғын айтып, дәлелдермен келтірді. «Егіздерді сатып жатқан әйелді еш кінәлай алмадым. “Өзімде жейтін нан жоқ, аш болған соң кеудемде оларға беретін сүт жоқ” деді. Бала сату фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бір тағдыр сынды, детдомға қос жетім қосылды. Егіз баланың әкесі еш жауапкершілік арқаламады, оны іздеген ешкім болмады. Неге бізде бала тағдырына тек ана кінәлі? Егіз нәрестенің қаны арқылы әкесін тауып, баладан безгені үшін, бар жауапкершілікті әйелдің мойнына артқаны үшін, қиындықта қол созбай жалтарғаны үшін, 3 адамның өмірін тас-талқан еткені үшін заң алдында жауапкершілікке тарту керек деп ойлаймын! Бізде бала асырап алу да тым қиындап кеткен. Заңды асырап алушылар некен-саяқ, тек қамқоршы болады не патронат. Заңға сай 2 айда бала асырап алуға болады. Ал, өмірде бұл процесс 2 жылға созылады. Бір перзентке зар болған жандардың арманын жеңілдету орнына қиындатуға мың себеп табылады, неге? Дәл осы егіздерді сатпас бұрын әйел асырауға беруге талпынды. Алайда, танитын-білетін жанның баласын өздігінен алсаң қылмыскерсің. Алдымен бала мәртебесі анықталып, детдомнан әкетуің керек. Бұл процесс біткенше нәрестенің орнын сипап қаласың. Бала асырауға өтініш берген көп адам нәресте кезінде, ес білмей тұрып құшағына басқысы келеді. Алайда, базада тек есейген және науқас балалар көп. Ұзақ жылдар бір сәбиге зар болған кез-келген жұп дені сау, 12 мүшесі бүтін бала алғысы келеді. Мұндай балалардың рәсімделуі қиынға түседі. Осылайша уақыт өте береді, балалар детдомды толтыра береді»,-деп ашынды журналист Гүлмира Әбіқай.