Үкімет отырысында Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев облыстағы өрттің ахуалы туралы айтып берді.Нұрлан Ұранхаев атағандай, Бұлақ, Талица елді мекендері эвакуацияланды. «Өрт сөндіру орындарында полиция қызметкерлерінің кезекшілігі ұйымдастырылды. Тұрғындар Бородулиха мен Семейге орналастырылды. Эвакуацияланған азаматтар үшін азық-түлік жеткілікті. Қазіргі уақытта өрт салдарынан 2 техника бірлігі өртенді. Уланған екі орманшының жағдайы жақсарды. Жоғалған Архиповты іздеу жалғасып жатыр. Кеше тракторы табылды. Полиция қызметкерлері орнын анықтау бойынша жұмыс жүргізіп жатыр», - деді ол.Облыс әкімі өрттен қаза тапқан жұмысшылардың отбасыларына көмек көрсетіліп жатқанын айтты. Өз кезегінде Премьер-министр Әлихан Смайылов өрт кеңінен тарамай тұрып шұғыл әрекет етудің маңыздылығын айтты. «Өрттің таралуына жол бермеу үшін техника мен адамдарды көбірек жіберу керек еді. Далада немесе өрт шыққанның бірінші күні, алғашқы сағаттарда тиімді шаралар қабылдау өте маңызды. Жағдайды дұрыс бағалап, кез келген апаттың алдын алуға барлық күш-жігерді жұмсау керек. Сонда ғана шығын азайып, адам өлімі мен ауқымды апаттан аман қалуға болады. Экология мен ТЖМ бірлесіп, өртті ерте анықтау мен мониторинг бойынша шаралар қабылдауы керек. ТЖМ табиғи өртке қарсы тұру тетіктерін қайта қарауы керек», - деді Смайылов.