Екібастұзда 1 ақпаннан бастап жылу бағасы көтеріледі. Жеке тұтынушылардың кейбірі үшін тариф құны 41 пайызға өспек. Ал бюджеттік мекемелерге бақандай 191 пайызға қымбаттайды. Яғни, жылу құнының 81 пайызын қазыналық кәсіпорындар көтермек. Жылу бағасын күрт өсіру қаншалықты заңды? Мәселенің мәнісін тілшіміз Өзгеріс Қуанар білді. Екібастұз – еліміздегі жылу бағасы ең қымбат шаһар. Соған қарамастан жылу тарифі тағы да қымбаттамақ. Бұл жолы салмақ заңды тұлғаларға түспек. Бизнес өкілдері үшін тариф 30 пайызға өседі. Есептегіш құрал орнатқандар жылудың 1 Гкал үшін 10 712 теңге төлесе, есептеу құралы жоқтар 14 185 теңге төлейді. Бірақ, бұған кәсіпкерлер түбегейлі қарсы. Сажан ИБАҚОВА, КӘСІПКЕР: Жылу тарифінің қымбаттауына қарсымыз. Әлі күнге дейін бізге жөнді жылу берілген жоқ. Суықта тоңып отырмыз. Дәл осы жағдайда тариф құнын көтеру ақылға қонбайтын дүние. Өткен жылы ешқандай қайта есептеу болған жоқ. Енді келіп 69 пайызға көтереміз деді. Бұл деген сұмдық ғой. Сондықтан біз бұған үзілді-кесілді қарсымыз. Ал тұрғындар үшін тариф құны өзгермейді. Ал бәрінен де бюджеттік мекемелер үшін жылу бағасы айды аспаннан бірақ шығарды. Бақандай 94 пайызға өспек. Нұрлан НҰРМҰРАТОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТАБИҒИ МОНОПОЛИЯЛАРДЫ РЕТТЕУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ: Осы 3 көрсеткіш бойынша көмірді айта кететін болсақ, 50 пайызға бағаның жоғарлауы ескеріліп отыр. Электр энергиясы бойынша да баға жылдан жылға өсу көрсеткіштері бар. сонымен қатар жұмыскерлердің жалақысы 195 мыңнан 321 мың теңгеге дейін жоғарлап, осы шығындар тарифтің өзіндік құнынан енді. Тарифтің өсуінен алдағы 1 жылда жылу орталығы 2,1 млрд теңге пайда таппақ. Мамандардың айтуынша, бұл қаражат шығындарды жабуға жұмсалады деп жоспарланып отыр. Қаржының жұмсалуын монополияны реттеу комитеті өз бақылауына алмақ. Оны алдағы уақыттың еншісіне қалдырдық.