Екібастұзда жылумен жабдықтау желілерінде жөндеу жұмыстарымен Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов танысты.Молдағұлова көшесі бойында «Шахтер» стадионының жанында зақымдану қаупінің жоғары болуына байланысты ұзындығы 50 метр тозған желіні ауыстыруға дайындық жүріп жатыр. М. Жүсіп көшесі, 52/1 учаскесінде бұрын жылу желісі ауыстырылған, қазір сол жерде жабын плиталарын монтаждау және топырақты толтыру жұмысы жүргізіліп жатыр. Шәкәрім көшесі мен Абай көшесінің қиылысында мамандар ұзындығы 340 метр болатын ТМ-5 жылу желісін ірілендіріп құрастырады. Жөндеу жұмысы аяқталған учаскелерді қалпына келтіру ісі жалғасып жатыр. Осындай 40 учаскенің 29-ы қалпына келді. Темірбетон науаларын орнату қажет болған 11 учаскедегі жұмыс келесі аптаның соңына дейін аяқталады. Кеншілер қаласын жылумен жабдықтау жөніндегі жедел штаб отырысында Асайын Байханов Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекиннің, Екібастұз ЖЭО директоры Дмитрий Захаровтың және «Павлодарэнерго» АҚ бас директоры Владимир Лесиннің баяндамаларын тыңдады. Өткен отырыста облыс басшысы жылумен жабдықтау қызметінің ақысын қайта есептеуді тапсырған еді. Владимир Лесиннің айтуынша, «Екібастұзжылуэнергиясы» ЖШС есеп бөлімі тиісті есепті жүргізіп, келесі аптаның басында ЖЭО мамандары халық үшін қайта есептеу алгоритмін ұсынуға уәде берді. Сондай-ақ, тұрғын үйлердің кіреберісінде жылытуды қалпына келтіру үшін радиатор орнату мәселесі пысықталып жатыр. Бұл туралы тұрғындардан өтініш көптеп түсіп жатыр. Бүгінгі таңда осындай 287 өтініш келіп түсті. Радиатор жеткілікті әрі олар ұсынылған өтінімге сәйкес келесі аптаның басынан бастап ұсынылады. Асайын Байханов жылыту маусымы аяқталғаннан кейін жөндеу науқанына дайындық жұмыстарын ерекше бақылауда ұстауды тапсырды. Өңір басшысы қазірдің өзінде қажетті материалдың 70%-ын сатып алуды бастап, жұмыс кестесін анықтау қажет екенін атап өтті.