Екібастұзды қою қара түтін басты. Тұрғындар жағымсыз иістен тұншығып жатқандарын айтып, дабыл қағуда. Айтуларынша, бұл қаланың жылу орталығынан шығып жатыр. Көкке ұшқан күл көліктер мен тұрғын үйлерді басып қалған.Осыдан кейін дереу тексеру жүргізген экологтар атмосферада зиянды қалдық мөлшері нормадан аспағанын айтып тұрғындарды сабырға шақырды. Алайда бұқара қою түтінмен демалу қиын екенін айтады. Аталған жағдайға байланысты Екібастұз жылу орталығы түсініктеме берді. ЕКІБАСТҰЗ ЖЫЛУЭЛЕКТР ОРТАЛЫҒЫ: Қазіргі жылу орталығында мамандар 3 қазандықты жөндеуге дайындап жатыр. Сол себепті қазандықта қалған көмірді толығымен жағып, қондырғының ішін тазалау, күйелеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл - жөндеу жүргізу алдында жасалуға міндетті шаралар. Сондықтан тұрғындарды түсіністікпен қарауға шақырамыз. Биыл жылу орталығындағы 8 қазандыққа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі.