Астанада әрбір бағанада орнатылған сергекпен қатар, енді «Ekin Patrol G 2» деген жүйе жолдағы тәртіпті қадағалайды. Тың технология потрульдік көліктің бірнешеуіне орнатылған. Яғни 360 градуста түсіретін камера жылдамдықты асырған машинаны бақылайды. Сонымен қатар іздеуде жүрген және көлік тізгіндеу құқығынан айырылған азаматтарды бірден анықтайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.«Ekin Patrol G 2» жүйесі бар көліктердің сыртында 9 камера болады, іште біреу орнатылған. Олар қарама-қарсы бағыттағы және бір бағытта кетіп бара жатқан бүкіл автомобильді түсіріп отырады. Ал оның барлығы монитордан көрініп тұрады. Жолға шыққанымыз сол еді, планшеттен дабыл естілді. – Автокөліктің жүргізушісі көлікті басқару құқығынан айырылған. Бағыттама берді. Қазір осы автокөлікті тоқтатамыз. Тексеретін боламыз, – деді Полиция департаменті полк қызметінің инспекторы Руслан Рақышев. Темір тұлпар иесі көлік тізгіндеу құқығынан 6 айға айырылғаны анықталды. Бірақ белгіленген мерзім аяқталған. Ал екінші көлік иесінің куәлігі жоқ деп көрсетілгенімен, тексере келе тізгінде жұбайы отырғаны анық болды. Ал келесі әйел көлік тізгіндеуге мүлдем құқығы болмағанымен жұмысы жоқ, қасына келіп тұрған полицейді місе тұтпады. Мәселені лезде шешкісі келді ме, әйтеуір құжатын ұзақ көрсетпеді. Телефонымен әлдебір кісіге хабарласып қоймады. Көліктің нөмірін сұрап, полицейдің тегін білгісі келген азаматша ақыры әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал темір тұлпары айып тұрағына жіберілді. – Бізге бағыттамамен берген автокөлікті тоқтаттық. Тоқтатқанда жүргізуші анықталды. Жүргізу құқығынан айырылған. Сондықтан екінші автопатрульге береміз. Ол кісілер әкімшілік хаттамасын салып, машинасын айып тұрағына қояды, – деді Полиция департаменті полк қызметінің инспекторы Руслан Рақышев. Жүргізуші куәлігінен айырылған темір тұлпар иелерін осылай тоқтатып, тексереді. Сонымен қатар мемлекетке қарызы бар азаматтар да осы «Ekin Patrol G 2» жүйесі арқылы анықталады. Ал жылдамдықты асырған көлік тізгіндеушілерге автоматты түрде хаттама толтырылады. Бар болғаны бір сағаттың ішінде 4 жүргізуші камераға түсті. Оның үшеуі жүргізуші куәлігінен айырылса, бір тізгінші жылдамдықты асырды. Полицейлердің сөзінше, бір күнде отыздан астам жол ережесін бұзған машина тіркеледі екен. Айта кетейік, Астанада «Ekin Patrol G 2» жүйесі орнатылған 5 көлік бар. Олар қаланың ішіндегі және айналма жолдардағы тәртіптің сақталуын бақылайды.