Мәскеуде қаза тапқан Томирис Байсафаның анасы ұзатылып жатқан қызына тілек айтып, көпшілікті жылатты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.Жанна Ахметова екінші қызы Наиманы ұзатты. Анасының қызына айтқан тілегі көпшілікті жылатты.“Бүгін бетімді қайта-қайта әрледі. Күні бойы жыладым. Мен сені қатты жақсы көремін. Сенің жаныңдамын. Өз махаббатыңды тапқаныңа қуаныштымын. Бұл – Құдайдың саған берген бағы. Өзің бақытты болғанша, біреуді бақытты қылған әлдеқайда маңызды. Махаббатпен анаң, Томпия, әжең”, – деп жақындарының атынан тілек айтты Жанна Ахметова. Күйеу жігіт – Руслан Либирри есімді кәсіпкер. Әлеуметтік желіде жарияланған бейнежазбадан Жанна Ахметованың жаны қысыла жылаған сәтін көруге болады. Желі қолданушылары оған басу айтып, жас жұбайларға бақыт тіледі. “Томирис жаныңызда, жыламаңыз”, “Сіз керемет анасыз”, “Жаннаға қосылып жыладым”, “Қызыңыз Наима бақытты болсын”, “Ана жүрегі осындай ғой”, “Сіз мықты әйелсіз”, “Жантебірентерлік сәт”, “Жастар бақытты болсын”, – деп жазды желідегілер. Айта кетейік, Жанна Ахметованың үлкен қызы Томирис Байсафа 2018 жылдың сәуірінде Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының төртінші қабатының терезесінен құлап кеткен. Студент қыздың туыстары қайғылы оқиғаны кісі өлтірумен бірдей екенін айтып, бұған Дағыстанның бұрынғы вице-премьері Муртазали Меджидовтың ұлын кінәлаған. Бастапқыда студенттің өлімін "Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу" бабымен тергеген. Кейін бұл бап кісі өлтіру бабына ауысты. Тергеу деректеріне сәйкес Меджидов қызды алдымен ұрып, кейін 4-қабаттың терезесінен итеріп жіберген. Сот оны 13 жылға бас бостандығынан айырды.