Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Оңтүстік Кореяға жұмыс сапарымен барды. Қазақстан делегациясы алдымен Корея Премьер-министрі Хан Док Сумен кездесті. Корея -Қазақстан экономикасындағы ең ірі алты инвестордың бірі. Технологияның тілін меңгерген. Яғни, үйренетін тұсымыз көп. Тәжірибесін көруге «Samsung Electronics» компаниясында және Сеул ұлттық ғылыми-техникалық университетінде болды. Бұл оқу орнының филиалын жақын арада Қызылордадағы Қорқыт ата университетінде ашу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, Палата төрағасы Орталық Азия елдері мен Корея Республикасы арасындағы ынтымақтастық мәселелері жөніндегі парламент спикерлерінің I кеңесіне қатысты. Ерлан Қошанов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылы Кореяға мемлекеттік сапары екі ел арасындағы кеңейтілген стратегиялық әріптестікке жол ашқанын атап айтты. Ерлан ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ: Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы онжылдық Орталық Азия өңірі үшін маңызды кезеңге айналады деп санайды. Бұл ретте бізге өз экономикалық мүмкіндіктерімізді, ортақ әлеуетімізді барынша пайдалану өте маңызды. Кездесудің негізгі отырысы Орталық Азия елдері мен Корея арасындағы өңірлік ынтымақтастықтың басымдықтарына арналды. Мәжіліс спикері өңірдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету басты мәселенің бірі екеніне назар аударып, Қазақстан парламентшілері аймақтағы тұрақтылықты сақтауға бар күш-жігерін салып жатқанын айтты. Ерлан ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ: Ынтымақтастығымыздың өзекті мәселелері қатарында климаттың өзгеруіне қарсы күрес, қоршаған орта мен био алуан түрлілікті сақтау, су ресурстарын, соның ішінде трансшекаралық ресурстарды тиімді пайдалану мен қорғау болуға тиіс. Осы саладағы тиімді технологиялармен Корей мамандарының тәжірибесін пайдалана отырып бірлесе шешуіміз қажет деп ойлаймын.