Балаларына екпе салудан бас тартатын ата-ана көбейіп барады. Бұл дәрігерлерді алаңдатып отыр. Қанша түсіндірме жұмыстары жүргізілсе де, нәтиже болмай тұрғанын айтады. Екпеге қарсы болғандардың басым бөлігі әлеуметтік желідегі жалған ақпаратқа иланып, ақ халаттылардың сөзіне сенім білдірмейтін көрінеді. Енді бірі дінде вакцинаға тыйым салынады деп ат тонын ала қашады. Бұл қаншалықты дұрыс? Әріптесім Сүндет Оралбеков айтсын.Сүндет ОРАЛБЕКОВ, ТІЛШІ: Жұрт екпеге күдікпен қарайды. Дерек бойынша халықтың 10 проценті өз қарсылығын білдірген. Ал келісім бергендерінің өзі емханаға екі ойлы боп келеді. Себебі, желідегі алып қашпа әңгіме ата-ананы үрейлендіріп қойған. БЛИЦ: - Салдырмаймыз. Қазіргі кезде зиян деп айтып жатады ғой жалпы. - Мен қарсы емеспін оған. Менің 5 балам бар. Бесеуіне де алдым. - Салдырмаймын. Керек емес, не істисің оны салдырып. Ата-аналардың көбі баласына екпені салдырмайын десе, жұқпалы аурудан қорқады. Салдырайын десе, салдарынан сезіктенеді. Күнтуған ЕСЕНЖОЛ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Меніңше салдырмаған дұрыс. Бұрынғы заманда прививка салмаған ғой. Қазір де керек нәрсе емес. Біз мүлдем салдырмаймыз прививкаларды. Денсаулығын тексеріп, қажеттілік туындамаса керісінше керегі жоқ нәрсе беталды. Дәрігерлер екпенің ешқандай зияны жоғын алға тартады. Себебі, ол алдын-ала ғылыми ұйымдардың бірнеше күрделі тексерісінен өтеді, содан соң ғана егуге рұқсат беріледі - дейді. Арман ӘЛІБЕКОВ, №10 ҚАЛАЛЫҚ ЕМХАНАНЫҢ ШҰҒЫЛ МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕК БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ: Балаға екпе егу өте маңызды болып табылады. Тіпті бала күтіміндегі ең маңызды шаралардың бірі. Себебі, екпе егу көптеген балаларды инфекциялық аурулардан алдын-ала қорғауға септігін тигізеді. Сол себептен біз ата-аналарға айтамыз, жоспарлы егуге балаларыңызды емханаға алып келіңіздер деп. Екпені салдыруға қарсы бұқараның басым бөлігі дінде тыйым салынған деп ойлайды. Бірақ, шариғатта вакцинаға ешқандай қарсылық жоқ. ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ ДІНИ БАСҚАРМАСЫ: Ислам дінінде екпе салуға тыйым салынбайды. Тек вакцина құрамында шариғатта тыйым салынған заттардың болмауы тиіс. Себебі, шариғатта кез-келген харам және нәжіс затпен емделуге рұқсат жоқ. Бірақ зәрулік жағдайларда, яғни, екпе қолданбаған жағдайда өміріне қауіп төнетін болса және одан басқа халал түрі табылмаса, бар екпені қолдануға рұқсат етіледі. Әлемде жұқпалы аурулардың мыңнан астам түрі тіршілік етеді. Бір ғана Алматы облысында 700-ден астам вирус тіркелген. Соңы өлімге әкелетін кейбір індеттің тіпті емі жоқ. Оны алдын-алудың бірден-бір жолы екпе дейді мамандар. С. Оралбеков