Ел арасында “TikTok имам” деген лақап аты бар Нұрлан Байжігітұлы көпшілікті той жасаймын деп астамшылыққа салынбайға шақырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.Дінтанушының айтуынша, екі жасқа дүркіретіп той жасап беру міндетті нәрсе емес және олардың бақытты отбасы болуына тойдың ешқандай қатысы жоқ деген ойда. “Тойшыл халықпыз. Той, қуаныш болған жақсы. Екі жас бақытты болсын деп той жасаймыз. Шын мәнінде, екі жастың бақытты болуына тойдың ешқандай қатысы жоқ. Той пайғамбарымыздың сүннетіне барып байланады. Қалғаны “ел көрсін, атым шықсын, мен пәленнен асып түсуім керек” деп біреуден қалмайын деп жасалатын тойлар. Бұл жастардың бақытты отбасы болуына септігін тигізе ме? Әлбетте, жоқ. Тойдың оған ешқандай қатысы жоқ. Қайта тойдың төңірегінен дау шығады. “Бергендерің дұрыс болмады, бір нәрсені кем тарттың” деген әңгімелер болады. Ал біз бүгінде дастархан үстіне не қойып, не жейтінімізде де ұмытып қалдық. Тіпті тартуы жоқ, қаражаты болмаған соң кейбірі тойға барудан қалды”, – дейді Нұрлан Байжігітұлы. Бұл жолы желі қолданушыларынң пікірі екіге бөлінді. Бірі имамның сөзімен келісіп, тойды тиімсіз деп санаса, енді бірі тойды өмірде бір-ақ рет болатын жағдай, естелік деп түсінеді. “Несие төлеп жатқанымызға екі жыл болды, сол тойды жасамай-ақ қоюымыз керек еді”, “Тойдың орнына баспана алайық деп шешім қабылдадым”, “Тойға ең жақын адамдарды шақыру керек”, “Үйлену тойды сол сәтте жасамасаң кейін жасай алмайсын ғой”, “Қарызсыз жасадық! Аллаға шүкір”, – деп жазды желідегілер.