Бүгін 20 миллионға жеттік деп бөркімізді аспанға атып, қуанып жатсақ, енді 3 жылда тағы 1 миллион адам қатарымызға қосылады деген болжам бар. Елімізде туу көрсеткіші артып келеді. Аймақтар арасында Алматы көш бастап тұр. Өзге өңірлер де қалыспайды. Сөз меншікті тілшілерде.. Ақбота БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ: Елордада 5 перинаталдық орталық бар. Онда дәл қазір 200-ден астам әйел жатыр. Бір ғана перзентханада күніне орта есеппен 25-30 сәби дүниеге келеді. Ал қалада тәулігіне 100-ден астам нәресте туады. Ана мен баланың денсаулығы мен қауіпсіздігі үшін барлық жағдай жасалған. Перзентханалардың барлығы дерлік жаңа, заманауи қондырғылармен қамтамасыз етілген. Әсел НҰРПЕЙІСОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Бұйыртса екінші рет ана атанайын деп тұрмын. +осы мемлекетіміздің санын көбейтіп жатқаныма қуанамын. Орталықтар бала денсаулығына ерекше назар аударады. Туа біткен ақаулары бар жаңа туған нәрестелердің өмір сүру деңгейі артқан. Жыл сайын орта есеппен 1500 жаңа туған нәресте хирургиялық ем алады. Республика бойынша балаларға медициналық көмек көрсетуге педиатр, неонатолог және балалардың анестезиолог-реаниматолог дәрігерлері жұмылдырылған. Анар ҚЫСТУБАЕВА, ПАЦИЕНТТЕРДІ ҚОЛДАУ ҚЫЗМЕТІНІҢ БАСШЫСЫ: 12 жылы 22 мың болса, өткен жылы бізде 34 мың бала туды қалады. Астана қаласында. Ақбота БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ: Отбасылардың әлеуметтік жағдайы жақсарған сайын дүниеге келетін балалардың да саны артуда. Сондай-ақ, балабақшамен қамту мәселесі қазір өзекті. Сонымен қатар, әлеуметтік төлемдер де туу көрсеткішіне едәуір әсер етіп тұр дейді мамандар. Мендегі ақпарат осы. Әрі қарай алматылық әріптесім Мөлдір Жақан жалғастырады. Мөлдір ЖАҚАН, ТІЛШІ: Елімізде халық саны бойынша Алматы қаласы көш бастап тұр. Қазір мұнда екі миллион үш жүз мыңға жуық адам тұрады. Жыл басынан бері мегаполисте 43059 сәби дүниеге келді. Қазақстанның демографиясы – бұл елдің әлеуметтік және экономикалық дамуында ерекше маңызды. Тұрғындар демографияны көтеруге үлес қосу маңызды екенін айтады. Олар бүгін халқымыздың саны 20 миллионға жеткеніне ерекше қуанып жатыр. БЛИЦ-САУАЛНАМА: - 20 млн болғанымыз бәрімізге құтты болсын. Біздің өсіп жатқанымыз, халқымыздың көбейіп жатқаны біздің ұлтымыз үшін жетістік. Балаларымыздың осындай егемен елде көбейіп, өсіп жатқанына біз қуанамыз. - Елімізді алға жетелейін азматтар көп болса екен деп тілеймін. Мен өзім көпбалалы отбасынан шыққанмын. Қазір, әзірге, бір бала бар. Баламның бауырлары болғанын қалаймын. Көпбалалы болғанымды қалаймын. - Балалардың көбейгені жақсы ғой. Өміріміздің мәні де, сәні де, болашағы да – осы балалар. «Демографиялық өсімнің артуына туу, табиғи өсім және халықтың көші-қоны сияқты негізгі факторлар әсер етеді»,- дейді мамандар. Аяулым САҒЫНБАЕВА, ДЕМОГРАФ: Соңғы 3 жылда туудың коэффиценттік көрсеткіші – репродуктивті жастағы бір әйелге келетін баланың саны орта есеппен үш бала болды. Яғни, осының есебінен біз демографиялық ахуалымызды көші-қон зардаптарына қарамастан, түзетіп, жақсы деңгейде ұстап отырмыз. Мөлдір ЖАҚАН, ТІЛШІ: Сарапшылардың болжамына сәйкес Қазақстан халқы 2050 жылға қарай 28 млн адамға жетуі мүмкін. Әрі қарай әріптесім Заңғар Санай жалғастырады. Заңғар САНАЙ,ТІЛШІ: Тобыл өңірін 7834 көпбалалы отбасы мекендейді. Олардың мың жеті жүзі Қостанайда тұрады. Арқалықта 984, Рудынайда 946 көпбалалы шаңырақ бар.Ал күміс және алтын алқа таққан аналар саны бес мың бес жүзге жуық. Айнұр САТАЕВА, ОБЛЫСТЫҚ ЕҢБЕК ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Жыл сайын жәрдемақы алушылар саны көбейіп келеді.Жәрдемақының көлемі баланың санына байланысты беріледі.Және отбасыдағы бала 18 жасқа толғанға дейін және студент болса 23 жасқа толғанға дейін жәрдемақы төленеді. Дандыбаевтар отбасы алты бала тәрбиелеп отыр.Оның бесеуін асырап алған. Үйде бала көп болса, береке кіреді дейді отанасы. Данагүл ҚАБЫЛОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Балаларым инабатты,ешкімге зияны жоқ.Өзіміздің қазақы тәрбиеде.Шынын айтсам өзге балалардан артық болмаса кем емес.Еңбекқор балаларым.Тілалғыш.Жұмыстан қашпайды.Қолынан келсе көмектескісі келіп тұрады. Қазақстан халқының саны 20 миллионға жетті деген сүйінші хабарды қала тұрғындарының көбі естіген. Олар жеріміз көркейіп, еліміз көбейе берсін деген ізгі тілектерін жеткізді. БЛИЦ-САУАЛНАМА: - Бұл үлкен қуаныш.Және осындай аз уақытың ішінде халық саны осынша көресткішке жетіп отырғанының өзі үлкен жетістік.Үлкен көрсеткіш деп есептеймін. - Иә, бүгін өте қуанышты хабар естіп жатырмыз. Қазақ халқы көбейе берсін жылдан жылға. - Өте қуанышты хабар. Еліміз осылай өркейіп, өсе берсін. Заңғар САНАЙ,ТІЛШІ: Еңбек және әлеуметтік қорғау департаменті келтірген деректерге жүгінсек, өңірдегі көпбалалы отбасылар қатарында жас шаңырақтар көп. Оларға үкімет тарапынан тиісті жәрдемақы мен жеңілдіктер көрсетіліп келеді.