Елде бәйбішесі мен тоқалдары бар еркектердің саны жарты миллионға жуықтады

Ал екі әйелі бар 14 бозбала анықталды.Елде бәйбішесі мен тоқалдары бар еркектердің саны жарты миллионға жуықтады.  Отбасылық дауларды шешу ісінде тәжірибесі бар маман, заңгер Ринат Қадыровтың түсіндіруінше, бүгінде Қазақстанда көп әйел алуға заңмен қатаң тыйым салынбаған, тек оған жол берілмейді. Нақтылағанда, Неке және отбасы кодексінің 11-бабында бір жынысты адамдардың, жақын туыстардың, сондай-ақ біреуі басқа тіркелген некеде тұратын адамдардың арасында некелесуге, ерлі-зайыпты болуға жол берілмейді. Мұсылман құқығы, шариғат бойынша бекітілген некені мемлекет мойындамайды, бірақ сол үшін қудаламайды. Нәтижесінде, құжат жүзінде болмағанымен, көп әйел алушылық қазақстандық қоғамда іс жүзінде бар, тіпті кейбір ортада дамып жатыр. Заңгердің мәліметінше, 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін күшінде болған қазақстандық Қылмыстық кодексте екі және одан көп әйел алушылық (двоеженство, многоженство) үшін біршама ауыр жаза қарастырылды. 107-бапқа сәйкес, тоқалшылдар екі жылға дейін сотталатын. Бұл ретте заң бойынша еркек "көп әйел алушы" деп танылуы үшін олардың бәріне үйленуі міндетті емес: "некені ресми тіркеусіз, үй шаруашылығын бірлесе жүргізіп, екі немесе бірнеше әйелмен шын мәнінде бірге тұрса (сожительство)", қылмыстық қудалауға соның өзі жетіп жататын. Алайда, 1998 жылғы 1 қаңтарда күшіне енген жаңа Қылмыстық кодекске көп әйел алу үшін қылмыстық қудалау бабы кірмей қалды. Бұған ел басшылығындағы бірқатар тұлғалардың, депутаттардың осы мәселеге төл көзқарасының оң жаққа өзгеруі ықпал етіпті деседі. Қалай болғанда, содан бері Қазақстанда көп әйел алушылық үшін қылмыстық жазалау жойылды. Салдарынан, егер бұған дейін осы қоғамдық құбылыс дәстүрлі түрде негізінен оңтүстік өңірлерде таралып келсе, содан бері оған өзге өңірлеріміздің ер кіндікті азаматтары да бой ұра бастады. Осы орайда Ұлттық статистика бюросы сенсациялық, селт еткізер жаңалықты жариялады. Қазақстанда 19 жасқа дейін екі әйел алып үлгерген 14 жігіт бар болып шықты. Оның тең жартысы, жетеуі – қалалық, қалған жетеуі – ауыл тұрғыны. Тұтастай алғанда, республикада 2 және одан көп әйелі бар еркектердің саны 406 078 адамды құрады. Бұл 2021 жылғы соңғы жалпыхалықтық санақ қорытындыларын шығарған кезде, енді ғана анықталды. Бұл құбылыс әсіресе, орда бұзар 35-39 жастағы жігітерге көбірек тән көрінеді (78 108 адам). Бұлардан 30-34 жас аралығындағы құрдастары да қалысар емес (65 384 адам). 40-44 жастағы 64 172 еркек бірнеше жұбайы барын жасырмаған. Сөйтіп, "ер адам есейген сайын тоқалшыл болады" деген сияқты тәмсілдерді тәжірибе мен статистика растамай отыр. Зейнеткерлік жастағы, яғни жасы 63-тен асқан ер адамдардың тек 48 531-і ғана екі және одан көп әйел иемденген. Мысалы, 80 жас және одан кәрі қазақстандықтардың 1 932-сінің ғана көп әйелінің болғаны тіркелді. Әлеуметтік желіде: "ауылдағылардың әйел алудан басқа ермегі жоқ" деген әзіл пікірді оқуға болады. Мұндай ауандағы әңгімелер телеарналардағы бағдарламаларда да айтылып қалады. Санақ мұны да жоққа шығарып отыр. Көп әйелі бар ерлердің басым көпшілігі – 260 061-і қалада тұрады. Тек 146 017-сі – ауылдық. Қалалықтар арасында әйелін ауыстыруға көбіне 35-39 жастағылар құмар келеді екен (49 675 адам). Бұлардың тұяғын 30-34 жастағылар басуда (44 845 адам). Ауылдағы үрдіс шамалы өзгешеленеді. Бірінші орынды 35-39 жастағылар шаппай алды (28 433 еркек). "Махаббатшылдықтың" екінші тұғырына 40-44 жастағылар көтерілді (27 239 еркек). Мұны қалалықтардың ауылдықтарға қарағанда көбірек табыс табуымен де түсіндіруге болады. Екі және одан көп отбасыны, балаларды асырау үшін әл-ауқат керек. Өйткені тіпті бірінші не екінші отбасыдан кетіп қалғанның өзінде алимент төлеуден оны заң босатпайды. Шымкент тұрғыны Еркебұлан – жастайынан көп әйел алғандар санатына кіргендердің бірі. 2021 жылғы қазан айында санақшылар есігін қаққанда, оларға болған жайтты жасырмай айтып беріпті. Бірінші рет ол құрбысына ғашық болып, көңіл қосқан екен. Жоғарғы сыныптарда отау құрады. Бірақ әкесі ықпалды тұлғамен жарасып, сонымен құдандалы болу үшін ұлына соның қызын әперген. Қазақстанда көп әйел алушылық заңдастырылмағандықтан, әрі қос неке қатар тіркелмейтіндіктен, құжат жүзінде бірінші әйелімен ажырасуға тура келіпті. Соған қарамастан, нақсүйерімен жақын араласып тұрады, екі жұбайынан да баласы бар. Оның үстіне былтырдан бері елдегі билікте жүріп жатқан ауыс-түйістер нәтижесінде қайын атасы ірі лауазымынан айрылып, шеттеп қалған. Ендеше оның мойындауынша, қайын жұрты Еркебұланның бірінші әйелімен "аралас-құраластығына" қарсыласып, тосқауыл қоятын жағдайда емес. Айтпақшы, қоғам, соның ішінде сарапшылар да кейде көп әйел алуды көп ашынасы бар ерлермен шатастырады. Бір қызығы, осы тұрғыда Қазақ КСР Жоғарғы сотының Пленумы 1987 жылғы 2 қазанда, кейін Қазақстанның Жоғарғы сотының Пленумы 1996 жылғы 20 желтоқсанда бұған қатысты түсініктеме берді. "Некеде тұрған адамның басқа әйелдермен жыныстық қатынасында болғанын көп әйел алушылық деп қарауға болмайды. Соттар мынаны ескеруі керек, некені тіркеген-тіркемегеніне қарамастан, еркектің бірнеше әйелмен бір мезгілде некелі жағдайда бірге тұруы және шаруашылықты бірге жүргізуі – екі және көп әйел алушылық болып табылады. Шаруашылықты бірге жүргізу – еркек пен әйел үшін ортақ шаруашылықта еңбек қызметін бірлесіп жүзеге асыруы және осы шаруашылықтан түскен еңбек кірістерін бірлесіп пайдалануы деп түсіну керек. Мұндай жағдайда ортақ шаруашылық жүргізу еркек пен әйел бір үйде тұрған кезде ғана емес, әйелдері бөлек тұрса да, олардың шаруашылықтары айыпкердің шаруашылығымен біртұтас болуы да мүмкін", – делінген Жоғарғы сот Пленумының қаулысында.

Читать источник astanatv.kz/kz/
12 жастағы өгей қызын зорлады деп айыпталған Кулагин 20 жылға сотталды
Нұрсұлтан Назарбаев Владимир Путинмен кездесті
Өскеменде бір ай бұрын жоғалып кеткен 18 жастағы қыз өлі күйінде табылды
Дәрі-дәрмек емдей ме?
Парламент президентке импичмент жариялады
Футбол алаңынан саясат алаңына
«Өлсем, бәрі жеңілдейтін сияқты»: Енесі мен күйеуінен шаршаған танымал блогер мерт болды
Ауа райына байланысты Қарағанды, Павлодар облыстарында жол жабылды
Астана Орталық Азияда бірінші болып тұрақты дамудың халықаралық сертификатын алды
Павлодардағы «Майқайыңалтын» шахтасында жұмысшы қаза болды
Батыс Қазақстанда жаңа заманауи мектеп қолданысқа берілді
ТЖМ цифрлық форматта: ТЖ алдын алудың жаңа мүмкіндіктері
Түркістандық телеарна түркиямен бірлескен тележоба дайындамақ
Өскеменде бір ай бұрын жоғалып кеткен 18 жастағы қыз өлі табылды
Ұялы байланыс операторы тарифтерінің қымбаттауы: Шешім қандай
2027 жылы бокстан әлем чемпионаты Қазақстанда өтеді
Енесі мен күйеуінен қорлық көрген танымал блогер 8-қабаттан секіріп көз жұмды
Екі облыста жол жабылды
Төтеншеліктер балық аулау кезіндегі қауіпсіздік ережелерін ескертті
Жексенбіде елдің басым бөлігінде жаңбыр мен қар жауып, көктайғақ болады
Бірқатар шенеунікке нашар жол үшін 16 миллион теңге айыппұл салынды
Республикалық жас пианистер байқауының жеңімпаздары анықталды
«Майқайыңалтын» кенішінде жұмысшы қаза тапты
Садриддин Ахмедов АҚШ-та жеңіске жеткеннен кейін марқұм Шерзат Болат туралы айтты