Биыл елдегі жалпы қылмыс деңгейі 12 процентке төмендеді. Құқық қорғаушылар 1400 ұйымдасқан қылмыстық топтың жолын кесті. Қоғамдық орындарда орнатыла бастаған «SOS» түймешесі полицияның жылдам әрекет етуіне мүмкіндік ашты. Ал IMEI кодты тіркеу арқылы телефон ұрлығына тұсау салынды. Адам өлтіру 11%-ке, ұрлық 27%-ке, бұзақылық 28%-ке, денсаулыққа ауыр зиян келтіру 2%-ке азайды. Мал ұрлығына қатысты 661 қылмыстың беті ашылды. 112 қылмыстық топ құрықталып, 614 барымташы ұсталды. Нәтижесінде мал ұрлығы дерегі 14 процентке азайды. Қарақшылық 28%-ке, тонау 13%-ке, көшедегі құқық бұзушылықтар 8%-ке төмендеді. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін 1 млн 200 бейнекамера орнатылды. Нәтижесінде 9200 қылмыс ашылып, 513 әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Ғарыштық мониторинг арқылы 265 есірткі плантациясы анықталды. «Арна» операциясы аясында 2,5 тонна есірткі тәркіленді. Республика бойынша 8 млн 200 мың жол қозғалысы ережесі бұзылған. 20 мың 500 «мас» жүргізуші ұсталды. 22 мың адам жүргізуші куәлігінен айырылды. 9 мыңға жуық жалған номер анықталды. Ержан СӘДЕНОВ, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІ: Бір жыл ішінде 70-тен астам ұйымдасқан қылмыстық топ және 9 трансұлттық қылмыстық топ жойылды. 75 жасырын есірткі зертханасына тосқауыл қойылды. Есірткіге байланысты 6000-нан астам, алаяқтық сипаты бар 20 000-нан астам заңсыз интернет ресурстары бұғатталды. Бүгінде 9 млн астам құқық бұзушылық анықталды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,5 млн астам. Сонымен қатар биыл қазақстандықтар ірілі-ұсақты құқық бұзушылыққа төзбеу қағидасын ұстана бастағаны байқалды. Бұған әкімшілік құқықбұзушылықтың 19 процентке көп анықталуы дәлел, - дейді сала мамандары. Оның ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа төзбеуге заң бойынша нүкте қойылды. 1-шілдеден бастап жәбірленушінің арызынсыз-ақ іс қозғау мүмкіндігі туды. Әрі тараптардың қайта татуласу мүмкіндігі жойылды. Бұрын жәбірленушілердің 60%-ы арызданудан бас тартатын. Қазір 94% жағдайда тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағандар жауапқа тартылады. Нәтижесінде жауапқа тартылған тирандар саны 3 есе өсті. Бұрын 13 мыңы ұсталса, биыл 35 мыңнан асты.