Батыс Қазақстан облысы алапат тасқыннан халықтың бірлігінің арқасында аман қалды. Тосыннан төнген тілсіз жауға қарсы жұмылған Жайық жұртына еліміздің өзге өңірлері қол ұшын созды. Осылайша облыста 2 миллион текше метрден астам су сорылып, өзен жағасы бекітілді. Бір ғана Орал қаласының өзінде су шаюы мүмкін 6 осал жер бар екен. Бұл аумаққа 1 миллион 300 мың құм қапшық төселген. Бірақ күндіз-түні тынымсыз тер төккен халық топан суға бірігіп қарсы тұрды. Кәсіпорындар мен кәсіпкерлер арнайы техникасын ұсынса, шалғай ауылдың тұрғындары жұмысынан сұранып, Жайық жағасындағы шаһарды сақтап қалуға күш салды. Осылайша бір айға жетпейтін уақыттың ішінде 150 шақырымдай бөгет салынды. Дулат ЖҮСІПҚАЛИЕВ, ЕРІКТІ: Волонтерлердің қатарында студент жастар емес, сонымен қатар қала тұрғындары да бар, спортшылар да бар, мәдениет өкілдері де, барлығы да ат салысып жатыр. Жаңағыдай қапшыққа құм салу жұмыстарына да ат салысып жатыр. Әрине күшіміз бірлікте. Одан сайын волонтер саны артқанын қалаймыз. Тасқынның беті қайтқанымен, ендігі міндет - сақтықты естен шығармай, қауіпсіздікті күшейту, дейді мамандар. Олардың айтуынша, болашақта тағы да су басуы мүмкін аумақтан тұрғын үй салу, құрылысқа жер беру тоқтатылуы тиіс. Сонымен қатар су жүретін каналдарды тазалап, тереңдету керек. Облыстағы су тасқыны кезінде 1500-дей тұрғын үй, саяжайлардағы 15 мыңнан астам баспана бүлінді. 14 мыңдай адам эвакуацияланды. Қазір келген шығынды анықтап, өтемақы төлеу жұмыстары басталды. Шынболат ЕРМАҒАМБЕТОВ, «ҚАЗСУШАР» РМК БҚОФ БАС ИНЖЕНЕР-ГИДРОТЕХНИГІ: Жайықтың бойындағы жайылмалар бос болды. Соған жайылмаға шықты, бұрынғы құрғап қалған көлдерге шықты. Жайықтың бұрынғы арналары, орысша айтқанда старица дейді ғой. Соған шықты. Сосын судың кем дегенде 25-30 пайызы сонда қалды. Соның арқасында биыл 865 см болды Жайықтың деңгейі, салыстыруға тағы да қайталап айтам, 94-жылы 853 болды. 12 см биыл жоғары болды.