Қаңтардың бірінен бастап Қазақстанда электр қуатының тарифі қымбаттауы мүмкін. Бұл туралы Энергетика министрлігі хабарлады. Құзырлы ведомствоның мәліметі бойынша, электр қуатын өндіретін 24 компания шекті тариф бағасын көтеруге өтінім білдірген. Олар 1 киловат сағатқа орташа есеппен 2 теңге қосуды сұрап отыр. Бұны компаниялар шығынының артуымен байланыстырады. Электр энергиясын өндіруге жұмсалатын отын бағасының өсімі мен тасымал құнының артуына байланысты тариф қайта қаралмақ. Сондай-ақ, энергетикалық компаниялар жұмысшыларының жалақысын көтеруге ниетті. Бүгінде бұл салада 50 мыңдай адам еңбек етеді. Оның үстіне, жалақының мардымсыз болуына байланысты кадр тапшылығы сезіліп отыр. Қазір электр өндіруші компаниялардың өтінімдері қаралып жатыр.