Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев электр самокатты пайдалану кезінде ереже талаптары сақталмаса қандай жаза қарастырылғанын түсіндірді.«Қазір электр самокат жүргізушілері жолаушыларды және жүктердi тасымалдау ережесін орындамаса, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 593-бабы бойынша жауапқа тартылады. Бұл тұрғыда бес айлық есептiк көрсеткiш (17 250 теңге) мөлшерiнде айыппұл салынады. Жолдағы қозғалыс кезінде өзге де талаптарды бұзуға қатысты жауапкершілік 620-бапта ескерілген. Осы бап аясында самокат жүргізушілерін жазалаудың тәртібі қарастырылған», - деді Қ. Сұлтанбаев Сенатта тілшілер сұрағына жауап бере отырып. Оның айтуынша, самокат жүргізушісі жолда адам қағып кетіп, денсаулығына зақым келтірсе, онда жол-көлік оқиғасы бойынша жаза қолданылады. «Бұл мәселеде жауапкершілік қатаң болады. Осы тұрғыда самокат жүргізушісін қамауға алу, жүргізуші куәлігінен айыру сияқты жаза ескерілген», - деді комитет басшысы. Қайсар Сұлтанбаев жеке адамдардың меншігіндегі самокаттардың жылдамдығын бақылау мүмкін болмай тұрғанын айтты. Айта кетейік, бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісін ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы мақұлданды. «Электрондық самокат» ұғымы енгізіліп, ол ең жоғары конструктивтік жылдамдығы сағатына 25 километрден аспайтын көлік құралы деп танылады және олардың қозғалысы үшін тиісті орындар айқындалды. Атап айтқанда, Заңмен енгізілген шарттар мен тыйымдарды сақтай отырып, жолдың жүріс бөлігінің оң жақ шеті бойынша электр самокаттардың жүруіне рұқсат етіледі. Бұл тұрғыда жүргізушінің 18 жасқа толуы, кез келген санаттағы көлік құралын басқару құқығына жүргізуші куәлігі мен шлемнің болуы, ал тәуліктің қараңғы уақытында қозғалу кезінде басқа көлік құралдарының жүргізушілеріне көрінуі үшін тиісті жарық түсіретін белгілерді тағу ескерілген. Электр самокатына тротуар немесе жаяу жүргіншілер жолымен сағатына 6 км-ден аспайтын жылдамдықпен жүруіне рұқсат етіледі. Шағын электр көлік құралдары мен электр самокаттары жүргізушілерінің құқықтары мен міндеттері белгіленеді.