Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина Ролан Гаррос турнирінің матчына неге шықпағанын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Қазақстандық теннисші үшінші айналымда дүниежүзілік рейтингте 132-орында тұрған испаниялық Сара Соррибес-Тормомен ойнауы керек еді. «Кеше қызуым көтеріліп, өзімді жайсыз сезіндім. Бүгін де солай. Мұндай кезде ойнау ауыр. Мен 100 пайыз дайын емеспін. Қызу, бас ауруы әрі нашар ұйықтадым. Мұның белгілерін екінші айналымнан кейін сезіне бастадым. Сөйтіп жолым болмады. Көгал төсенішінде өтетін маусымға дейін қалпыма келуге тырысамын», деді арнайы баспасөз мәслихатында Е.Рыбакина.