Ел аумағында қатынап жүрген 654 вагонның (32%) қолдану мерзімі 20 жыл және одан жоғары. Бұл туралы «Жолаушылар тасымалы» АҚ бас директоры Жәнібек Тайжанов мәлім етті.«Бүгінде бізде қолданыста 2098 вагон бар. Біздің ескі вагондарға жиі-жиі сын айтылады, біз оны қабылдаймыз. Қатынап жүрген 654 вагонның (32%) қолдану мерзімі 20 жыл және одан жоғары. Бұл - ескі вагондар. Өткен жылы 256 ескі вагонды істен шығардық. Соңғы 10 жылда «Жолаушылар тасымалы» АҚ паркі 50%-ға жаңартылды. Қауіпсіздік, жайлылық және экология талаптарына сәйкес заманауи халықаралық талаптарға жауап беретін 1200-ден астам вагон сатып алынды», - деді Жәнібек Тайжанов елордада жаңа вагондарды таныстыру барысында. Сондай-ақ, спикер Үкіметтің қолдауымен жыл сайын пойыз вагондары жаңартылып жатқанын айтты. «Қазір 654 ескі вагон бар. Олар әр бағытта қатынайды. Қалған вагондар бойынша 52% - бұл шамамен 1100 вагон 11 жылға дейін қолданылып келе жатыр. Қалған бөлігінің пайдаланылған мерзімі - 11-20 аралығында», - дейді ол. Оның айтуынша, істен шыққан вагондардың пайдалану мерзімі 40 жыл және одан да көп болған.