Елімізде алғаш рет жасанды интеллект және информатика мектебі ашылды. Ол Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің базасында кафедра негізінде құрылды. Онда Кореяның Сеул Ұлттық ғылым және технологиялар университетінен мамандар келіп, студенттерге білім беретін болады. Бұл Мемлекет басшысының Жолдауда жүктеген тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында қолға алынды.Саясат НҰРБЕК, ҚР ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРІ: Болашақта осы 7 жылдық бағдарламаның соңына таман қолданбалы ғылыми зерттеулер де осы жақта жасалатын болады. Тек қана оқыту емес. Мектеп, филиал аяққа тұрғаннан кейін қолданбалы зерттеулерге де көшеміз. Президентіміздің нақты тапсырмасы бар. Кемінде 3 жоғарғы оқу орнының негізінде жасанды интеллект саласында кадр даярлау және қолданбалы зерттеулер жүргізу. Әлемде алдағы бірнеше жылда осы салаға бір триллион доллардан астам инвестиция салынады деген болжам бар. Яғни, болашақта бұл мамандарға сұраныс артады. Университетте жылына 150-200 шәкірт білім алмақ. Олар тілдік даярлау курстарынан өтіп, ІТ технологияның қыр-сырын меңгереді. Джесу КИМ, СЕУЛ ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ТЕХНОЛОГИЯЛАР УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ӨКІЛІ: Алдағы уақытта осы мектеп аясында әртүрлі бағытта 4 факультет ашылады. Онда білім алып шыққан студенттердің білікті маман болуына біз барымызды саламыз. Болашақта шәкірттеріміз аймақтың ІТ саласын дамытуға үлес қосады деген ойдамын. Басты мақсат оқу орындары арасындағы байланысты дамыту және нығайту.