Елімізде тұңғыш рет жасөспірімдер және жастар арасында футзалдан ел біріншілігі өтуде. Барлық өңірден 15 команда қатысуда. Бәсеке Қазақстан футзал қауымдастығының ұйымдастыруымен өтуде.Футзалдан ел біріншілігі 4 жас ерекшелігі бойынша өтуде. Ең кішілері 13 және 15 жасқа дейінгілер. Ал жастар 17 және 19 жасқа дейінгілер арасындағы санатта бақ сынауда. Алғашқы айналым Рудный қаласында өткен болатын. Нартай ӘШІМ, АТА-АНА: Бұл жерде енді балалардың өзіңіз көргендей динамикасы өте жылдам. Сондықтан шешім қыбылдау жылдамдығы өте жоғары. Балалардың ойлау жүйесін дамытуға, тез шешім қабылдауға, бір-бірімен сөйлесуге, бір-бірімен коммуникацияға түсуге өте керемет спорт. Алғашқы айналымда Астананың "Сайран" командасы бес ойында жеңіске жеткен. Тек бір қарсыласына есе жіберген. Бұл жолы турнир кестесінде алтыншы сатыда тұрған рудныйлықтармен шеберлік байқасты. Толассыз шабуылдармен өткен ойында "Аят" командасы жеңіске жетті. Евгений СТРЕНЁВ, "AYAT" КОМАНДАСЫНЫҢ ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ: Сайран командасымен өткен бүгінгі ойын қиынға түсті. Әрине өте қызық сәттерге толы болды. Бірінші және екінші команданың балалары да керемет нәтиже көрсетіп, барынша тырысты. Біздің жеңістің сәті түсіп тұрған шығар енді. Нұртілеу ҚҰРМАНБАЙ, "САЙРАН" КОМАНДАСЫНЫҢ ШАБУЫЛШЫСЫ: Жақсы ойын болды. Тартысты ойын болды. Чемпионат Қазақстанаға бірінші рет қатысып отырмыз. Осы ойынды теледидардан қарап, қателіктерімізді көріп болашақта түзеуге, түзеймін деген ойдамын. Қазір елімізде футзал қарқын алып келеді. Одан әрі дамыта түсу үшін осындай өрендер арасындағы бәсекені тұрақты өткізу маңызды. Төлеуғали ТАЙТҮЛЕЕВ, ҚАЗАҚСТАН ФУТЗАЛ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Енді біздің балаларымыз жас кезінен, бала кезінен спортқа кішкене жақын болса біздің еліміздің болашағы жарқын болады деп ойлаймын. Аят командасында да Сайран командасында да екеуінде де жақсы жақсы ойыншылар бар. Мына балалардың деңгейі өте жақсы. 13 жастағы балалар осындай деңгейде ойнайды деп ойламап едім. Біздің кезімізде бұндай болмаған. Айта кетейік, жасөспірімдер және жастар арасындағы футзалдан ел біріншілінің әр айналымы әр өңірде өтетін болады.