Елімізде алғаш рет «Ұлы дала дәмі» ұлттық жобасы ұйымдастырылды. Ерекше бала тәрбиелеп отырған және көпбалалы отбасылар мен балалар үйіне ұлттық дәм мен тағамдарға толы «Тарту» атты Наурыз қоржыны берілді. Қазақи нақышта безендіріліп, киіз үй пішінінде тігілген сыйға еліміздің әр өңірінен жеткізілген ұлттық дәмдер салынған. Алматының алмасынан Алтайдың балына дейін бар. Ал еңбек адамдары мен зиялыларға «Сыбаға» деп аталатын сый-сыяпат таратылды. Үлкендерге берілген қоржын жеті түрлі дәмнен тұрады. Ішіне сүрленген қазы-қарта, жал-жая мен жамбас салынған. Ұлттық жоба Наурыз мерекесіне жаңа мазмұн берді. Ұйымдастырушылар «Ұлы дала дәмін» алдағы жылдары 14 наурыздан бастап айдың соңына дейін тұтас республика көлемінде өткізуді жоспарлап отыр. Гүлдана ҚАЛДЫБАЕВА, ЕРЕКШЕ БАЛАЛАРДЫҢ АНАСЫ:Қыдыр ата келіп, балаларымды қуанышқа бөлеп, жесірін қаңғытпаған, жетімін жылатпаған Қазақ екенімізді үнемі айтып жүремін. Үнемі ризашылығымды айтып жүремін. Алла тағалама шүкірлігімді айтқан сайын осындай балаларыма қуаныш келіп отыр. Өзім қуаныштымын.