Елімізде «Атлетико Мадрид» футбол академиясы ашылуы мүмкін. Мемлекет басшысының қабылдауында болған клуб президенті Энрике Сересо Торрес академияны ашу жобасын таныстырды. Испаниялық клубтың футбол әлеміндегі беделі зор. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда спорттың осы түрін дамытуға және тәжірибе алмасуға қызығушылық танытқаны үшін клуб басшысына алғыс білдірді. Қазір еліміздегі спорт мектептерінде, футбол секцияларында 40 мыңға жуық бала жаттығады. Сондай-ақ инфрақұрылым жақсартылып, жаңа стадиондар салынуда. Президент бұл бастамаға мемлекет жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін айтты. Кездесу соңында Энрике Сересо Торрес Қасым-Жомарт Тоқаевқа "Атлетико Мадрид" ойыншыларының қолтаңбасы қойылған жейде сыйлады.