Елімізде «Балалар әдебиеті» кешенді бағдарламасы әзірленді. Бағдарлама аясында балаларға арналған кітаптардың тізімі жасалды. Оған әдебиеттің әртүрлі кезеңдері мен жанрларын қамтитын 1700-ден астам кітап кіреді. Оқу-ағарту министрлігі өкілдері осы арқылы білім ұйымдарында өскелең ұрпақтың кітап оқуға құштарлығын арттыруды көздейді. Тізімді әзірлеумен М. Әуезов атындағы әдебиет институты, Жазушылар Одағы өкілдері және мектеп кітапханашыларынан құралған тәуелсіз комиссия айналысқан. Еділ ОСПАН, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ: Тізімге балалар әдебиеті, поэзия және проза, драматургия, көркем публицистика , көркем аудармалар, ұлттық фольклорлар қамтылды. “Балалар кітапханасы” бағдарламасымен көркем әдбеиеттер тізімі бекітіліп, әкімдіктерге іске асыру үшін жолданды. Бағдарлама шеңберінде -ақ мектеп кітапханасының қорын жыл сайын 2 млн данаға ұлғайту көзделіп отыр. Мемлекет басшысы Ұлттық Құрылтайдың үшінші отырысында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру туралы айтқан еді. Атыраулық зиялы қауым өкілдері де озық ойлы ұлт болудың төте жолы – кітап оқу,- дейді. Олар тәулік бойы жұмыс істейтін кітапханалар ашу жастардың кітапқұмарлығын арттырады деген сенімде. Мемлекет басшысының Ұлттық кітап күнін белгілеу туралы бастамасы да көкейдегіні дөп басты. Саламат ІДІРІСОВ, Х. ДОСМҰХАМЕДОВ АТЫНДАҒЫ АТЫРАУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ РЕКТОРЫ: Жаңа заманауи кітапханалардың салынуы – ол өте қажетті әрі қазіргі күннің сұранысы деп есептеймін. Атырау облысында да осындай үлкен жастарға арналған кітапхана керек. Бұл кітапхана жоғары оқу орындарының базасында ашылса, тіпті қуанышты болар еді.