"Қазгидромет" синоптиктері көктем мезгілінің наурыз-мамыр айларына арналған ауа райы болжамын ұсынды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.Қазақстан аумағы бойынша 2024 жылғы көктем айларына арналған маусымдық ауа райы болжамы төмендегідей: Наурызда Қазақстанның солтүстік облыстарында қыс мезгіліндегідей суық ауа райы күтіледі, қар жиі жауып, бұрқасын болады. Жер көктайғақ болып, тұман түседі деп болжанады. Ауа температурасы түнде минус 15-25°С -қа түсіп, аяз болады. Елдің солтүстік, орталық және шығысында бірінші онкүндікте ауа температурасы күндіз 2-7°С көрсетіп, жылымық сезіледі. Айдың үшінші онкүндігінде ауа температуры 5-15°С -қа көтеріледі. Ал Қазақстанның оңтүстік, оңтүстік-батыс өңірлерінде наурызда жауын-шашын (жаңбыр, жылбысқы қар) жиі болады. Ауа температурасы түнде 0,-10°С-тан +3+8°С-қа дейін, күндіз 0,+10°С-тан +10+18°С-қа дейін көтерілуі байқалады. Сәуір және мамыр айларында республиканың басым бөлігінде ауа температурасы нормадан 1°С жоғары болады деп күтіледі. Тек мамырда елдің солтүстік-батыс жартысында температуралық фон нормаға шамалас болады деп болжайды. Сәуір айында республиканың басым бөлігінде жауын-шашын климаттық нормаға сәйкес, солтүстік-батыс аймағында нормадан аз, елдің оңтүстік, оңтүстік – шығыс, шығысының таулы аймақтарда нормадан жоғары болады. Мамыр айында республиканың басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері нормаға сәйкес болады деп болжанып отыр.