Еңбек жағдайында көз жұматындар саны артып келеді. Нан табам деп, үйіне оралмаған азаматтар қаншама? Жыл сайын 2 мыңға жуық адам ауыр жарақат алса, 200-ден астам адам бақилық болады. Соған қарамастан кәсіпорындар өз қызметкерлерін сақтандыруға асығар емес. Үкімет күрделі мәселеге назар аударып, қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын мақұлдады. Толығырақ әріптесім Ақбота Базарбай айтады. Елде 500 мыңға жуық адам зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейді десек, кәсіпорындардың тек 32 проценті өз қызметкерлерін сақтандырған. Әлихан СМАЙЫЛОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ: Биыл «Қазақмыс» компаниясында өндірістік жарақат алу көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 3 еседен астам өсіп кетті. Бұрынғы «АрселорМиттал Теміртауда» соңы адам өлімімен аяқталған қайғылы жағдайлардың саны 7 еседен астам өскен. Өндірісте қазір қолданылып жүрген жазатайым оқиғалардан сақтандыру жүйесі жұмыс берушілерді еңбек жағдайларын жақсартуға ынталандырмайды. Елімізде жыл сайын 2 мыңға жуық адам жұмыс барысында жарақат алса, оның 200-ден астамы мерт болады. Сондықтан Үкімет 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын мақұлдады. Светлана ЖАҚЫПОВА, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРІ: Тұжырымдама төрт негізгі бағытты көздейді: халықаралық стандарттарды орындау және еңбек жағдайының сапасын арттыру; деректер базасын интеграциялау арқылы ұйымдарда еңбекті қорғау саласындағы проактивті мемлекеттік бақылауды күшейту; жұмыс берушілерді экономикалық ынталандыру шараларының тиімділігін арттыру; өндірістегі жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру моделін енгізіп, жұмыс күшін үнемдеу жүйесін құру. Енді өмірді сақтандыру компаниялары келісімшарт сыйақысының бір бөлігін қызметкерлерді еңбек қауіпсіздігіне оқытуға, ұжымдық және жеке қорғау құралдарын сатып алуға жұмсауы керек. Осылай деген Премьер министр Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы салада қалыптасқан проблемаларды кезек күттірмей шешуге мүмкіндік береді дейді. Әлихан СМАЙЫЛОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ: Көптеген елде өмірді сақтандыру компаниялары сақтандыру сыйлықақысының белгілі бір бөлігін превентивті іс-шараларға бағыттайды. Яғни, оларда қызметкерлерді еңбек қауіпсіздігіне оқытуға, ұжымдық және жеке қорғау құралдарын сатып алуға басымдық беріледі. Біз де осындай жүйеге көшуіміз керек. Тұжырымдама еңбекті қорғау саласындағы бақылау мен мониторингтің тиімділігін арттыру үшін керек. Ұсынылған құжат бойынша дауыс беру рәсімінен кейін Үкімет басшысы құжаттағы іс-шаралардың барлығын орындау бойынша жұмысты жүйелі түрде ұйымдастыруды тапсырды.