Ақпан айы жауын-шашынмен бастау алады. Дегенмен елімізде алғашқы бәйшешек осы айда гүлдеп, күн жылынуының белгілері байқалады. Кібісе жылы да ауа-райы ақпан да жылына ма? Бұл туралы Bugin.kz тілшісі Қазгидрометке сілтеме жасап хабарлайды."Консультативті синоптикалық ауа райы болжамына сәйкес, 2024 жылдың ақпан айында республиканың басым бөлігінде орташа айлық ауа температурасы нормадан 1-2° жоғары болады. Шығыс Қазақстан облысында, Алматы мен Жетісу облыстарының оңтүстік-шығыс жартысында, Түркістан, Жамбыл және Абай облыстарының тау және тау бөктеріндегі аудандарында норма шамасында болады",- делінген хабарламада. Синоптиктер ақпан айында жауын-шашын мөлшері республиканың басым бөлігінде климаттық норма шамасында болатынын хабарлады. Синоптиктер таратқан мәліметте: "Атырау облысында, Қостанай облысының солтүстік жартысында, еліміздің оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерінің тау және тау бөктеріндегі аудандарында жауын-шашын мөлшері нормадан көп болады деп болжанып отыр. Республиканың солтүстік жартысында жауын-шашын көбінесе қар түрінде, оңтүстік жартысында жаңбыр, қар түрінде жаууы мүмкін. Тұман, көктайғақ, жел күшейіп, елдің солтүстік жартысында бұрқасын болады",-делінген. Қазгидромет болжамы бойынша, ақпанның бірінші онкүндігінің басында ҚР басым бөлігінде қар, бұрқасын, кезеңнің ортасында және соңында жауын-шашын (жаңбыр, қар) күтіледі. Ақпан айының басында оңтүстік облыстардың таулы аймақтарында кейде қалың қар жауады деп болжанып отыр. Тұман, көктайғақ болып, жел 15-28 м/с дейін күшейеді. "Республиканың батысында ақпан айының басында, бірінші онкүндіктің ортасына қарай басым бөлігінде ауа температурасы жоғарылайды, күндіз жақсы көрсеткіш күтіледі: солтүстік жартысында -3+2°С дейін, оңтүстігінде +5+15°С дейін жоғарылайды. Ақпанның бірінші онкүндігінің соңында солтүстік-батыс жартысында, содан кейін ҚР қалған аумағында температуралық фон төмендейді",- делінген хабарламада.