Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин көлік салығын жою мүмкіндігіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.«Бұл мәселе жаңа Салық кодексі аясында талқыланып жатыр. Ол сән-салтанат салығымен бірге кешенді түрде қарастырылады. Шынымен де көлік салығын бензинге арналған акцизге ауыстыру нұсқасы талқылануда. Бірақ, оны тыңғылықты қарастырған жөн. Өйткені, біз саралаймыз. Көлік салығы қозғалтқыш көлемі 4 немесе 3,5 литрге дейінгі автомобильдер үшін жою көзделетін шығар. Қазір қосымша есептеулер жүргізіп жатырмыз», - деді Азамат Әмрин Үкімет отырысынан кейін ұйымдастырылған брифингте. Оның атап өтуінше, көлік салығын бензинге арналған акцизге ауыстырған жағдайда жанармай бағасы қымбаттайды. «Біз шамамен 80 млрд теңге көлік салығын жинаймыз, шамамен 5 млн тонна мұнай өнімдерін пайдаланамыз. Егер көлік салығын бензинге арналған акцизге ауыстырар болсақ, онда бензин бағасы 14 теңгеге қымбаттауы тиіс», - деді ол. Осыған дейін Ұлттық банктің алтын-валюта резервтері жыл басынан 4,3 пайызға төмендегені туралы хабарланды.