Елімізде мыңнан астам ауыл ауыз сумен қамтамасыз етілмеген. Бұл туралы Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев айтты.«Бүгінгі таңда 6 295 ауылдың 4 900-і ауыз сумен қамтамасыз етілген. 1 395 ауылдың ауыз су мәселесін 2025 жылдың соңына дейін шешу жоспарланып отыр. Қалған ауылдардың 69% – ы, яғни 963-і халқы аз елді мекендерге жатады. Оларға бюджет қаражатын тиімді пайдалану мақсатында жергілікті бюджет қаражаты есебінен кешенді блок модульдер орнатылады»,- деді ол. Марат Қарабаев атағандай, министрлік арқылы 391 ауылда орталықтандырылған сумен жабдықтау құрылысы қамтамасыз етіледі және 41 ауылда кентішілік желілер Экология және табиғи ресурстар министрлігі арқылы топтық су құбырларын салу жөніндегі жобаларды іске асыру аясында салынады. Мемлекет басшысы 2021 жылғы 1-ші қыркүйектегі жолдауында 2025 жылдың соңына дейін сапалы ауыз сумен 100% қамтамасыз етуді тапсырған. Министрдің айтуынша, бұл тапсырманы «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту» тұжырымдамасы аясында орындау жоспарлануда. «Биыл сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін салуға және реконструкциялауға республикалық бюджеттен 402 жобаны іске асыру үшін 280 млрд. теңге бөлінді, оның ішінде қалаларда 135 жобаны іске асыруға 167 млрд теңге және ауылдарда 267 жобаны (270 ауыл) 113 млрд теңге бөлінді»,- деді министр.