Биыл «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында 60 мыңға жуық адам қаржылық сауатын арттыра алады. Бұл туралы «AMANAT» партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев айтты. Ол Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің қатысуымен өткен «Қарызсыз қоғам» жобасының аясын кеңейту жөніндегі басқосуда жастардың қаржылық сауатын арттыру туралы сөз қозғады. Айтуынша, қазір студенттердің шамамен 80%-ның несиесі бар. Партиялықтар жастарға арналған оқу бағдарламасын әзірлеуді ұсынды. Эльдар ЖҰМАҒАЗИЕВ, "AMANAT" ПАРТИЯСЫНЫҢ ХАТШЫСЫ: Қазіргі күнде 42 мың адамды оқытып болдық. Нәтижесі жаман емес. Бірақ оқумен шектелмейміз. Оның арғы жағында юристер халыққа көмек көрсетіп жатыр. Коллекторлардың қысымынан шығарып жатыр адамдарды. Банктер мен қаржылық ұйымдармен сөйлесіп, кредиттердің көлемін оптимизация жасап жатыр. Біздің елімізде несиесін 90 күннен артық төлей алмай жүрген 1,5 миллион адам бар екен. Олардың саны күннен күнге көбейіп жатыр.