Елімізде ойынқұмарлық туралы заң жобасы әзірленбек. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында Қазақстанның Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Евгений Кочетов айтты. Қоғам дертіне айналған ойынқұмарлықпен қайтіп күресеміз? Оған тоқтау бар ма? Келесі бейнематериалда.Депутаттар Сенат отырысында интернеттегі букмекерлік кеңселер мен ойын бизнесінің жарнамасы өршіп тұрғанын айтты. Руслан РҮСТЕМОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ: Менің ойымша, соңғы уақытта букмекерлік кеңселер мен ойын бизнесінің жарнамасы өте агрессивті болып кетті. Осыған байланысты екі сұрағым бар: жарнаманың бұл түрі таңбаланады ма, екінші – бұл жарнамаға тыйым салу немесе шектеу жоспарлары бар ма? Евгений КОЧЕТОВ, ҚР АҚПАРАТ ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ ДАМУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ: Лудомания туралы жеке заң жобасы күзде қаралады. Бірақ біз контентті таңбалау тұрғысынан лудоманияға немесе басқа нәрсеге бөліп қарастырмаймыз. Барлық контент таңбалау ережелеріне сәйкес келетін болады, оны біз заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерде қарастырамыз. Соңғы мәліметтерге сәйкес, 350 мыңға жуық адам ойынқұмарлыққа шалдыққан. Оның басым бөлігі – жастар. Мәулен ӘШІМБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: Лудомания - Қазақстандағы өзекті мәселелердің бірі. Көбісі бұл туралы жазады, шағымданады. Осыған байланысты, жеке заңмен немесе қолданыстағы заңдарға енгізілген түзетулермен біз бұл құбылысты шектеуіміз қажет. Қандай да бір тыйым салуларды енгізуіміз керек. Әлемдік тәжірибеге де сүйенуге болады. Бірақ бұл бағытта нақты қадамдарға барып, мәселені бірігіп шешкен дұрыс. Түрін жасыруды өтінген Қуат есімді жігіт - құмар ойындарының құрбаны. Спортқа қызығушылығы басым жігіт студент кезінен бәс тіккен. Алғашында 1000 теңге, кейін 5000 теңге салған. Уақыт өткен сайын тігетін сома да өсе береді. Құмарлықтың жетегінде жүріп 50 млн теңгесінен қалай ұтылып қалғанын аңғармай қалған. Қуат, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Оқудың ақшасын ұтылдым. Оқудан шығып қалған жайым бар. Сол уақыттан бері есептегенде 40-50 млн теңге ұтылдым ғой букмекерлік конторалардан. Кредиттер алдым банктен, микрокредиттік организацияларға жүгіндім. Олардың бәріне қанша қарыз болдым. Автокөлігімді ломбардқа қойдым. Өз-өзімді қадағалаудан айрылдым. Құмар ойынмен күресуге атсалысып жүрген кәсіпкер, қоғам белсендісі Нұржан Жақыпов «ойынқұмарлықтың арты нашақорлық пен алкоголизмге әкеп соғуы мүмкін» дейді. Ол букмекерлік кеңселерді де жауапқа тартуға шақырады. Мәселен, олар жеке тұлғалардың және олардың шоттарының есебін жүргізуі керек деп санайды. Жыл соңына дейін республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығымен бірігіп, құмар ойын құрбандарының нақты санағын жүргізбек. Нұржан ЖАҚЫПОВ, ҚОР ТӨРАҒАСЫ: Біздің ұсынымыз бойынша бір айда бір кісі 3 айлық ұтып жіберсе, ол міндетті түрде ресми түрде әйелінің рұқсатын алуы керек. Алмаса, ойынға кіргізуге болмайды. Ол туралы заң қабылдау керек. Ұсыныстарымызды Үкіметке барып айтамыз ғой. Бірақ кез келген министерство ресми информацияға қарайды ғой. Ал олар үшін ресми информация - зерттеу. Сол үшін біз үлкен РЦПЗ-мен бірге бір зерттеуді бастадық. Жыл басынан бері елімізде 3670 интернет-казино бұғатталған. Сонымен бірге сот шешімінің негізінде 5 букмекерлік кеңсе мен 2 тотализатордың лицензиясы тоқтатылған.