Осыдан 10 жыл бұрын елімізде алғаш рет мәйіт донорынан трансплантация жасалды. Операция Ұлттық ғылыми онкология орталығында болған. Өзгенің ағзасын өзіне салған кім? Оның қазір жағдайы қалай? Әріптесім Аружан Задабек екінші тынысы ашылған тұрғынмен кездесті.Антонина Позигун өмірін шығармашылыққа арнаған. Сурет салғанды жаны сүйеді. Бірақ, түрлі-түсті бояулардан бөлінетін химиялық иіс оны бауырынан айырды. Бірнеше рет операция жасаса да нәтиже болмаған. Үміт үзілген сәтті, мәйіт доноры табылып, бауырын алмастырды. Антонина ПОЗИГУН, РЕЦИПИЕНТ: Олар маған екінші өмір сыйлады. Мен бауыр беруге рұқсат берген әйелге ризамын. Осы уақыт ішінде мен оның немерелерін көрдім. Мен үшін ол адам – тірі. Өйткені, оның ағзасы менің бойымда. Бұл - отандық хирургтардың шетелдік мамандарды тартпай, өз күштерімен жасаған алғашқы операциясы. Содан бері 450-ге жуық бауыр трансплантациясы өтті. Тоқан СҰЛТАНАЛИЕВ, ПРОФЕССОР: Бұл ұжымның орасан зор, қажырлы еңбегі болды. Біздің алғашқы трансплантацияға 27 адам қатысты. Қазақстанда транспланттаудың барлық түрлері медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде, яғни бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі. Елімізде соңғы 10 жылда 2 мыңнан аса трансплантация жасалды. Оның 345-і мәйіт доноры. Әділбек МҰҚАЖАНОВ, ҰЛТТЫҚ ОНКОЛОГИЯ ОРТАЛЫҒЫ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Трансплантациялардың көбісі – туыстық. Туысына бір бүйрегін немесе бауырын 60 пайызын алып саламыз. Негізі бүкіл дүниежүзінде дамыған елдерде туыстық емес, мәйіттік транстплантация дамыған. Қазір 4 мыңға жуық науқас «күту парағында» тұр. Оның жүзі - бала. Қазақстанда 6 трансплантация орталығы, 40 донорлық стационар, 16 аймақтық трансплантация үйлестірушісі бар. Олар жыл сайын мәйіт донорына келісетін адам саны азайып жатыр дейді. Тұрғындардың 73 проценті өлгеннен кейін денесін кесуге келіспейтін көрінеді.