Енді Қазақстан мен Өзбекстанда бас бостандығынан айырылғандар жазасын өз елдерінде өтей алады. Заң жобасы бүгін сенатта мақұлданды. Екі ел арасындағы келісімге негізделген құжатты Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев таныстырды. Оның айтуынша, келіссөздерді жүргізуге бірнеше жыл кеткен. Құзырлылардың мәліметінше, елімізде сотты болған 500-ге жуық өзбекстандық бар. Ал көрші елде Қазақстанның 20 азаматы жазасын өтеп жатыр. Айта кетейік, заң жобасы автоматты түрде жүргізілмейді. Тек сотталушының өтініші арқылы ғана жүзеге асырылады.Әсет ШЫНДАЛИЕВ, ҚР БАС ПРОКУРОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Сотталғандар еркінен тыс еліне берілмейді. Себебі, шарттың басты талабының бірі – сотталған адам жазасын өз елінде өтеу туралы ниет білдіріп, өтініш беруге тиіс. Шартты ратификациялау біздің де, көрші елдің азаматтарының Конституциялық құқығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Б. Сатуов