Ұлттық қауіпсіздік комитеті. Ел ішінде ең құпия, әрі екінің бірі тани бермейтін жасақтың арнайы тапсырмалар мен операцияларды орындайтын сарбаздары бар. Бірақ оның қатарында кімдер қызмет етеді, техникалық мүмкіндігін, қандай жаттығулар жасайтынынан хабарсызбыз. Сырға беріктігі сонша бір-бірінің азан шақырып қойған атын да атамайды. Әріптесім Сүндет Оралбеков комитеттің ең құпия элиталы арнайы күштік жасағына барды.Сүндет ОРАЛБЕКОВ, ТІЛШІ: Еліміздің қауіпсіздігін сақтауда ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнаулы мақсаттағы «А» қызметінің атқаратын рөлі ерекше. Олар міндетін мүлтіксіз атқару үшін отқа да суға да түсуге дайын. Түрлі күрделі жауынгерлік жаттығулар арқылы шеберлігін шыңдайды. Арнаулы «А» жасағы құпия операцияларға қатысады. Олардың қолданатын қару-жарақтары, жалпы жауынгерлердің саны, олардың есімдері де аталмайды. Өйткені, барлығы құпия. Бұл жасаққа қабылдану үшін талап жоғары. Жасы 23 пен 29 аралығындағы әскери машықтанған, жоғарғы білімі бар, физикалық және психологиялық тұрғыда кез келген қиындыққа төтеп бере алатын азаматтар алынады. АРНАУЛЫ «А» ЖАСАҒЫНЫҢ ЖАУЫНГЕРІ: Арнаулы «А» жасағындағы жауынгерлер кез келген жағдайға дайын болуы керек. Операциялар ұшақта, автокөлікте, далалы аймақтарда, үлкенді-кішілі ғимараттарда жүргізілуі мүмкін. Әрине барлығы жоғары деңгейде орындалуы тиіс. Бізге Отанды қорғау сеніп тапсырылған. Жауынгерлік тапсырманы орындауға кез келген уақытта әзірміз. Ең күрделі операциялар бізге жүктелгендіктен, жауынгерлерімізге физикалық тұрғыдан да интелектуалдық тұрғыдан да бір адым алда болған абзал. Өйткені жауынгерлік операция кезінде қателік жасауға болмайды. Оның құны - адам өмірі! Құпия жасақтың құрылғанына 31 жылдан асты. Осы уақыт ішінде арнаулы жасақ жауынгерлері көптеген операция өткізді. Ел ішіне террорлық сипаттағы қауіп төндірген қылмыскерлердің көзін жойды. Қандықол қарақшылармен қаймықпай бетпе-бет келіп, жолын бөгеді. Өйткені олар үшін жанынан елдің тыныштығы қымбат. АРНАУЛЫ «А» ЖАСАҒЫНЫҢ ЖАУЫНГЕРІ: Біздің қызметтің жауынгерлері арнайы операцияларға қатысу үшін қарулары сақадай сай болып, әрдайым дайын тұруы тиіс. Сүндет ОРАЛБЕКОВ, ТІЛШІ: Бұл «Иглз Зодиак» деп аталатын әскери техника. Толығымен броньдалған. Кез келген оқ пен гранатаға төтеп бере алады. Салмағы 8 жарым мың килограмм. Сондай-ақ, 400 аттың күші бар. Ал жоғарғы жаққа «НСВ-УТЕС» деп аталатын үлкен колибрлі пулемет орнатылған. Сағатына 160 шақырымды оңай еңсеріп жүре алады. АРНАУЛЫ «А» ЖАСАҒЫНЫҢ ЖАУЫНГЕРІ: Кәдімгі көлікпен айырмашылығы көп. Техника 8600 кг құрайды. Оған бактағы жанар жағармайды, экипаж мүшелерін, қару жарақты қосқанда жалпы 10 жарым тоннаны құрайды. Сол кезде көлікті тізгіндеу сәл қиындайды. Және техниканы жүргізу кезінде мұқият болу керек. Себебі көлік өте үлкен. Арыстан - табиғатынан қатал, айбынды, өз жақындары мен териториясын өзге аңға бастырмайтын жануар. Еліміздің тыныштығы мен қоғамды лаңкестерден қорғау біздің ержүрек «Арыстандарға» жүктелген.