«Көрсеткіш жақсырақ болуы мүмкін еді». Президент Азия ойындары жеңімпаздарымен кездесуде осылай деді. Нәтижеге көңілі толмаған Мемлекет басшысы салаға бөлініп жатқан қаржы тиімді жұмсалмайтынын тілге тиек етіп, түбегейлі реформа жасау қажеттігін ескертті. Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен XIX жазғы Азия ойындарына Қазақстан өз тарихында 8-ші рет қатысты. Спорттың 30 түрінен бес жүзден аса жерлесіміз ел намысын қорғады. Жерлестеріміз байрақты бәсекеде 80 медаль иеленді. Мемлекет басшысы бүгін жеңімпаздармен кездесіп, оларды жүлделерімен құттықтады. Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: Сіздер түрлі жарыстарда Қазақстанның абыройын асырып жүрсіздер. Халқымыз ел намысы деп бекер айтпаған. Спортшы үшін туған жерінің туын биік көтеруден артық мәртебе жоқ. Жақында Ризабек Аймұхан еркін күрестен қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы атанды. Оның жеңіс жолын жас спортшыларымыз Қытайда өткен Азиа ойындарында жалғастырды. Президент көрсеткіштің көңіл көншітпейтінін ашық айтты. Мемлекеттен бөлініп жатқан қаражаттың тиімді жұмсалмайтынын жеткізді. Сондықтан министрлікке салаға түбегейлі өзгерістер енгізуде тапсырды. Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: Жыл сайын қомақты қаржы спортты дамыту үшін бөлінеді. Алайда, біздің кәсіби спорттағы көрсеткіштеріміз аса жоғары деңгейде емес. Ашығын айтуымыз керек, мемлекеттен бөлініп жатқан қаражат барынша тиімді жұмсалмайды. Мұндай жағдайға жол беруге болмайды. Мемлекет басшысы қазынадан қаржы алатын спорт федерациялардың жұмысын тексеру қажеттігін айтты. Спортшылар да Президент сөзінің пайымын түсінгендей. Келесі сайыстарда жүлде алуға барын салатындықтарын жеткізді. Әсем ОРЫНБАЙ, XIX ЖАЗҒЫ АЗИЯ ОЙЫНДАРЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ: Біз бар күш-жігерімізді еліміздің атын шығаруға жұмсаймыз, Және де барлық спортшылар атынан келер жылғы Олимпиада ойындарында жоғарғы нәтиже көрсету үшін барлық күш саламыз. Уәде береміз. Нұрқанат ӘЖІҚАНОВ, КАРАТЭДЕН XIX ЖАЗҒЫ АЗИЯ ОЙЫНДАРЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ: Бәрімізді бір ортақ мақсат біріктіреді деп ойлаймын. Ол – еліміздің туын көкке көтеру. Сондықтан да алдағы әлемдік додаларда еліміздің туын көкке көтеріп, әнұранамыз шырқалу үшін бар күш-жігерімізді сала береміз. Кездесуде Президент легионерлер мәселесін де сөз етті. Шетелдіктерге иек артпай, өз спортшыларымызға қолдау жасау қажеттігін жеткізді. Өткен жарыстардағы олқылықтардан нақты сабақ алып, алдағы Париж Олимпиадасына тыңғылықты дайындалу қажет деді.