Елордаға 400-ге жуық автобус керек. Бұл туралы Астана қаласының коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында «№1 Автобус паркi» АҚ басқарма төрағасы Медет Шақаев айтты.«Астана қаласының «№1 Автобус паркі» елорданың бүкіл маршруттық желісінің шамамен 70 пайызын қамтиды, яғни 38 қалалық бағдарға және 28 қала маңындағы (100%) бағдарға қызмет көрсетіп келеді. Жылжымалы құрам Iveco, Yutong маркалы ыңғайлы автобустардан тұрады. Олардың саны 700-ге жуықтады. Кәсіпорында 1472 адам жұмыс істеп жатыр, оның 1013 - і жүргізуші қызметінде», - деді М. Шақаев. Жалпы, қалада 6 автобус паркі қызмет көрсетіп жатыр. Күн сайын елорда көшелерінде 850-ден астам автобус жүреді. «Астанада халық саны жыл сайын артып келеді. Қазірдің өзінде шамамен қалада 400 автобус жетіспейді. Ал біздің кәсіпорынға тоқталсақ, 2014-2017 жылдары аралығында автобус сатып алынған. Сонымен қатар, 100 электр автобусы 2019 жылы жеткізілді. Бұл ретте кейінгі 4 жылда автобус паркі жаңа жолаушылар көліктерімен жаңартылмаған. Біздегі автобустарды пайдалану мерзімі орташа есеппен 6-9 жылға жетті. Астанадағы жолаушылар тасымалы ережесі бойынша автобустардың пайдалану мерзімі 14 жылдан аспауы керек», - деді кәсіпорын басшысы. Айта кетейік, Астана қаласы әкімдігі №1 Автобус паркінің 100 пайыз акционері саналады.