Елордада үйлерге және әлеуметтік нысандарға жылу қандай жағдайда берілетіні айтылды, деп хабарлайды Астана телеарнасы қалалық отын-энергетика кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасына сілтеме жасап. «Астана қаласында жылыту маусымына дайындық және жылу беру қағидаларына сәйкес ауа райының орташа тәуліктік температурасы +10 градус және одан төмен болған жағдайда 5 тәуліктің ішінде қалалық жергілікті атқарушы орган жылыту маусымының басталуы туралы шешім қабылдайды», - деп түсіндірді басқармадан. Сондай-ақ, хабарламада әлеуметтік нысандарға жылудың беріле бастағаны айтылған. «Әлеуметтік нысандардан (балабақша, мектеп, аурухана, оңалту орталықтары) келіп түскен өтінімдер бойынша жылу беруді кезең-кезеңімен іске қосу туралы шешім қабылданды», - делінген хабарламада. Осыған қарай қазір қала бойынша 116 әлеуметтік нысанға (балабақша, мектеп, аурухана) жылу берілді.