Елордада «AMANAT» партиясының әйелдер форумы өтті. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен келген 800-ден астам адам қатысты. Басқосуда қазіргі қоғамдағы әйелдердің рөлі, сондай-ақ олардың өз қабілет-қарымын жүзеге асыруын және елдің саяси өміріне араласуын қамтамасыз етуге бағытталған «AMANAT» партиясының бастамалары талқыланды.Партияның Республикалық сайлауалды штабының басшысы Ерлан Қошанов әйелдердің мемлекеттік басқару ісіне және қоғамдық өмірге араласуын кеңейту қажет екенін атап өтті. Сонымен қатар, Ерлан Қошанов форумға қатысушылардың партияда әйелдер қанатын құру туралы ұсынысын қолдап, Орталық аппараттың басшылық құрамын әйел адаммен толықтыруды тапсырды. Ерлан ҚОШАНОВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ САЙЛАУАЛДЫ ШТАБЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Мемлекет ана мен балаға, гендерлік саясат мәселесіне ерекше көңіл бөліп отыр. Соңғы жылдары елдің саяси қоғамдық өміріндегі әйелдердің рөлі ерекше артып келе жатыр. Сайлаудың партиялық тізімдеріне әйелдерге арналған міндетті квота енгізілді, Президенттің тапсырмасымен. «AMANAT» мүшелерінің 62 пайызы - әйелдер. Ерлан Қошанов өңірлік әйелдер форумдарының қорытындысы бойынша көп ұсыныс түскенін атап өтті. Олардың барлығы «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасына енгізілген. Штаб мүшелері бүгін сондай-ақ «Астана-Тазалық» еңбек ұжымымен кездесті. Кәсіпорын қаланың санитарлық тазалығымен, аумақтарды абаттандырумен және тазалаумен айналысады. Партиялықтар кәсіпорын қызметкерлерімен бірге сайлауалды бағдарламада көрініс тапқан жұмысшылардың құқықтары мен денсаулығын қорғау шараларын талқылады.