"Болашақ" стипендиялық бағдарламасына 30 жыл. Осыған орай жобаның 500 қарлығашы елордада бас қосты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты форум қатысушыларына құттықтау хатын жолдады. " Бұл бірегей жоба мемлекетімізде озық ойлы әрі білікті кадрлар резервін қалыптастыруға зор септігін тигізді", деп атап өтті Мемлекет басшысы. Бүгінге дейін жоба аясында 13 мыңға жуық қазақстандық шетел асып, білімін жетілдірген. Медет Маханбет -лор дәрігер. Ол- әлемнің үздік университеттерінде ғылыми тағылымдамадан өткен 500 ғалымның бірі. Дәрігер Литвада құлаққа үлкен тілік салмай-ақ, тек тесігі арқылы операция жасауды меңгерген. Нәтижесінде жыл басынан бері 70 операция жасаған. Бәрі сәтті. Науқастар бірден естіп кеткен. Мұндай хирургиялық тәсіл Қазақстанға дейін тек 5 елде қолданылған. Медет енді туа бітті естімейтін балаларды емдеудің ерекше тәсілін зерттеп жүр. Медет МАХАНБЕТ, ОТОРИНОЛАРИНГОЛОГ, «БОЛАШАҚ» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ ТҮЛЕГІ: Туа біткен деп айттық қой, соны қалай диагностикаласақ. Туғаннан кейін белгілі болатын емес, ананың жатырында жатқан кезде генетикалық зерттеулерді жүргізіп, балада осындай пайда болуы мүмкін деген сынамаларды жасасақ, онда көп аурулардың алдын алуға болады деп ойлаймын. Болашақтықтар 500-ден аса қоғамдық-әлеуметтік жобаны іске асырған. Мектеп оқушыларына лекция оқып, бағыт-бағдар береді, әсіресе, шалғайдағы ауыл балаларын қамтуға тырысады. Әлішер ДҮНГЕНИН, "БОЛАШАҚ" ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ: Келер жылы 7 мың мектепті қамту мақсат. Бұған дейін түлектер қауымдастығының көмегімен 22 қалада 56 инклюзивті кабинет аштық. Нәтижесінде 800 бала үйде оқудан мектепке ауысты. Сапалы кадрлық резерв құруды көздеген бағдарлама өз нәтижесін берді, -дейді сарапшылар. Бұған дәлел - 10 мыңға жуық түлектің мемлекет алдындағы шартты міндеттерін атқарып үлгергені. Түлектердің 55 проценті магистратура, 20 проценті бакалавр бойынша білім алған. Доктор дәрежесін алған 200 адам бар. Ғылыми тағылымдамадан 2,5 мың ғалым өткен. Ал Монтана Тек университетінің түлегі Жәнібек Катренов тау-кен саласына қатысты соңғы үлгідегі құрылғыны көпшілікке таныстырды. Жәнібек КАТРЕНОВ, ИНЖЕНЕР-ГЕОФИЗИК, «БОЛАШАҚ» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ ТҮЛЕГІ: Мен Қазақстанға жаңа технологияларды әкеліп жатырмыз. Менің қолымдағы ең кішкентай сейсмикалық қабылдағыш. Бұл геологиялық есйсмикалық барлауға арналған. Медицинада рентген, МРТ сияқты кескін көре аламыз сол сияқты бізге қай жерде пайдалы қазбалар бар соны анықтауға көмектеседі. Бағдарламаның 842 түлегі- білім саласында. Тағы бір мыңдығы- ірі кәсіпорындардың басшылық лауазымында. 900-ге жуық түлек- денсаулық сақшысы. Қалғандары түрлі салада қажырлы еңбек етіп жүр. Ал қазіргі таңда 1400 жас қазақ әлемнің үздік 200-дігіне кіретін жоғарғы оқу орындарында білім алып жатыр.