Елордада қала әкімдігінің ұйымдастыруымен мерекелік шара өтті. Көктемнің шуақты мейрамына орайластырылған кеште Тұрсынбек Қабатов, Ғаділбек Жанай, Қазыбек Құрайыш сынды жұлдыздар өнер көрсетіп, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.Бұл залға жиналғандардың көбі – көпбалалы ана, дәрігерлер мен ұстаздар, әскери қызметтегі тұлғалар. Қазір елордада мемлекеттік қызметте жүргендердің алпыс проценті – қыз-келіншек. «Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеген» аруларды қала әкімі мерекемен құттықтады. Жеңіс ҚАСЫМБЕК, АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ: Ардақты аналар мен аяулы жандар! Сіздерді көктемнің шуақты мерекесі халықаралық әйелдер күнімен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Ана – дүниедегі ең ардақты, ең қымбат есім. Әлемнің жарығын сыйлап, бәрімізді қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, мәпелеп өсірген аналарымызға деген құрметіміз шексіз! Ресми мәліметке сүйенсек, Астана қаласының халық саны - 1миллион 300 мың, оның басым бөлігі нәзік жандылар. Оның 100 мыңға жуығы жеке кәсіп ашып, өз ісін дөңгелетіп отыр. Бүгінгі шарадағы құрмет-қошеметке олар ризашылықтарын білдірді. Егеухан МҰҚАМӘДИҚЫЗЫ, «ҚҰРМЕТ» ОРДЕНІНІҢ ИЕГЕРІ: Азаматтар жақсы-жақсы дайындалған. Аналарды құрметтеп жатыр. Топ-тобымен ұлдарымыз шығып әндерін айтып жатыр. Олардың бәріне рахмет айтамыз. Осы ұрпағымыз аман-есен болсын. Мына Қазақстанымыздың тәуелсіздігі тұғырлы болсын. Халықаралық әйелдер күніне орай Елордада ондаған мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Оның ішінде концерттер, көрме және спорттық бағдарламалар бар.